Жыл басынан бері елімізде 2700-ден астам әйел дағдарыс орталықтарына жіберілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында арнайы инспекторлар жұмысына ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында аталған сала инспекторларының санын көбейту керектігін айтты. Бүгінде ішкі резервтер есебінен олардың саны екі есе артты. Қазір елімізде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласында 248 инспектор жұмыс істейді. Сонымен қатар аталған лауазым енді әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар», - деді Әсет Оспанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, зорлыққа тап болған, жәбірленушілерге заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
«Зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік оңалтуға арналған 49-ға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Биыл полиция қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 2700-ден астам әйелді дағдарыс орталықтарына орналастырды. Олардың 716-сы уақытша баспанамен қамтылды. Сол секілді әйелдер мен балаларға қарсы жасалған қылмысты бетін ашатын арнайы тергеушілер жұмыс істейді. Яғни барлық полиция департаменттері жанынан жедел-тергеу топтары құрылған. Оның құрамында 280 тергеуші әйел бар. Осы орайда ескеретін жайт, жәбірленушілер әйел тергеушіге көбірек сенім артады. Бұл зорлық-зомбылықтың бетін ашудың тиімділігін арттырады», - дейді ол.