Жыл аяғына дейін елдегі бүкіл автосалондарға отандық көліктер жеткізіледі. Оған елдегі өндірушілердің қабілеті жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі Анар Мақашева 4 пайыздық автонесиенің қайта жандануы байланысты өткен брифингіде осындай мәлімет айтты. Шара барысында журналистер 4 пайыздық автонесиеге сұраныс көп болғанымен, салондарда көлік аз екенін айтып, кезекті қалай сейілтуге болатынын сұрады.
«Автосалондарда көліктер бар. Былтыр біздің Hyundai Trans Kazakhstan және «СарыарқаАвтоПром» дейтін екі өндірушіміз жалпы көлемде 90 мыңдай көлік өндірген болатын. Биыл өндіріс көлемі 20 пайыз өседі деген болжам бар. Сонда жыл аяғына дейін Қазақстан қалаларындағы автосалондардың бәрінде көлік болады деп топшылап отырмыз. Қазір әрбір автоөндіруші өздері электронды кезек түзіп жатыр. 4 пайыздық несие алушы Қазақстан аумағындағы авиосалондарға келіп, таңдай алады. Яғни, адам өзі сатып алғысы келетін көлікті таңдайды. Содан кейін таңдалған көлік қашан дайын болатынын айтады. Ай сайын өндірістен автосалондарға келіп түсетін көліктер сол тұтынушылардың VIN-код көрсетілген есептесу парағы бойынша үлестіріледі. Бұл ереже бүкіл автосалондарға ортақ», - деді Анар Мақашева.