Шығыс Қазақстан облысында 30 жылда әзер жөнделген Алғабас-Күршім жолы құрылыс жұмыстары аяқталғанына жарты жыл өтпей құлай бастаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі"Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Қазір 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған жолдың жағдайы мүшкіл.
"Жас баланың миы сияқты ғой, былқ-былқ етіп жатыр. Жолымыздың сиқы осы, ойдым-ойдым, жүре алмаймыз, техникамыз жиі сынады. Баланың еңбегіндей былқылдаған жол жүргізушілердің жүйкесін де, көлігін де тоздырды", - дейді Алғабас ауылының тұрғыны Тоқтамыс Тұрсынов.
Сала басшылары құрылысшылардан кінә жоқ екенін, олар 120 миллион теңгеге тек 7 шақырымды жөндеуі тиіс болғанын, бірақ халыққа көмек болсын деп мердігер тағы 3 шақырымды өз есебінен жөндегенін айтады. Жұрттың наразылығын тудырған да осы 3 шақырым. Дегенмен әкімдік бұл учаскені қайта жөндейтін болды.
"Үш шақырым жолды қайтадан астына дренаж салып, труба салып қайта жөндеу жоспары бар, оған ақша сұрап бюджеттен өтінім беріп қойдық. Оған кемінде 500 миллион ақша керек. Жалпы, ауылды аудан орталығымен қосатын бұл трасса 30 жылда бірінші рет жөнделген. Оның соңы осындай болды", - дейді Күршім ауданының ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсат Әкрамов.