11 ақп, 2023 сағат 15:26

Премьер-Министр Қазақстандағы жолдардың сапасын сынға алды

© Sputnik / Болат Шайхинов

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Отырысты аша отырып, Үкімет басшысы 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдарды сапалы салу мен реконструкциялау міндеті қойылғанын атап өтті.


Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндады.

Оның айтуынша, биыл 11 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 7 мың шақырым республикалық желі жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бүгінгі таңда 70 мың шақырым жергілікті желінің 85%-ы – нормативтік жағдайда. Жамбыл (97%), Маңғыстау (96%) және Павлодар (91%) облыстарында жергілікті жолдардың жай-күйі жақсы, 3 өңірде көрсеткіштер орташадан төмен: Батыс Қазақстан (46%), Ақтөбе (72%) және Атырау (72%) облыстарында.

Бұдан басқа, министрлік 2024-2030 жылдары халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарта отырып, жалпы ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын жаңа жол жобаларын іске асыруды пысықтап жатыр. Атап айтқанда, «Жезказған – Қараганды» – 513 км, «Астана – Костанай – РФ шекарасы» – 830 км, «Бейнеу – Шалқар» – 515 км, «Атырау – Доссор» – 86 км, «Қызылорда – Ақтөбе» – 1 101 км, «Актобе – Орал» – 628 км.


Отырыста «ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев пен бірқатар өңір әкімдері сөз сөйледі.

Премьер-Министр жолдардың жай-күйі мен көлік инфрақұрылымы ішкі және сыртқы сауданы дамытудың маңызды факторлары екенін атап өтті.

Алайда, Үкімет басшысының айтуынша, соңғы уақытта автомобиль жолдарының сапасына қатысты шағымдар көп. Жолдың нашарлығы жол апатына себепші болып, адамдардың өліміне әкеледі, транзиттік тасымал көлемін азайтады, сонымен қатар елдің имиджіне теріс әсер етеді.

«Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына жұртшылық қанағаттанбай отыр. Интернетте жұмыстың регламент бойынша емес, жаңбыр, тіпті қар жауып жатқан кезде жүргізіліп жатқаны түсірілген көптеген бейнеролик пен фотосуреттер толып жүр», — деді Әлихан Смайылов.


Мысал ретінде Үкімет басшысы Абай облысы Көктерек ауылында қардың үстіне асфальт төселгенін, ал Павлодар облысында асфальтты жолға шашып тастағанын айтты. Кейбір өңірлерде ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы органдардан қайыр күтпей, жолдарды өз бетінше жөндейтін жағдайлар кездеседі. Алматы облысы Рысқұлов ауылында, Маңғыстау облысы Атамекен ауылында осындай жағдайлар орын алды. Сонымен қатар бір учаскеде жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілген фактілер бар.

Әлихан Смайылов жол салу әдістерін түбегейлі өзгертуді талап етті.


Өңірлердің әкімдіктеріне жергілікті автожолдар желісін салу және жөндеу бойынша сапалы жұмыс жүргізу тапсырылды. Құрылыс маусымын бірден бастау үшін мемлекеттік сатып алу мен құрылыс материалдарын сатып алудың барлық рәсімдерін жақын арада тездетіп аяқтау керек.

Сонымен қатар Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін «Мерке-Бурылбайтал», «Ақтөбе-Атырау-Астрахан», «Алматы-Өскемен», «Өнеге-Бейсен», «Казталовка-Жәнібек», «Үшарал-Достық» сияқты маңызды автожол жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.