Фото: voxpopuli.kz
БАҚ өкілдеріне шабуыл жасау ісі бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Журналистерге жасалған шабуыл фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар 22 адам ұсталды. Қазір оның жетеуі қамауда, қалғандарына жасын ескере отырып, қоғамнан оқшаулануға қатысты емес бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған іске қатысты ақпарат беріледі. Сонымен қатар шабуыл жасау фактілері бойынша процедуралық тұлғалар да бар», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Оның айтуынша, жәбірленген журналистер істі тергеу барысына қатысады.
«Әріптестеріңіз бұл процеске қызығушылық танытып отыр, олар іс процесіне қатысу мәртебесіне ие. Сұрақтарын қойып, белсенді қатыса алады. Сол сияқты белгілі бір тергеу әрекеттерін жүргізу туралы өтініш жасай алады.
Қазір тергеу әрекеттері жүріп жатыр, басқа фактілер мен мән-жайлар пайда болған кезде, біз қолданыстағы іс жүргізу заңнамасы шеңберінде міндетті түрде хабардар етеміз», - дейді министр.
Еске салсақ, ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кесті.
Сондай-ақ, журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген шетел азаматы 2 айға қамауға алынды.