20 сәу, 2023 сағат 17:04

Жүргізушілерге құрма таратқан 15 жастағы жасөспірімді көлік қағып кетті - видео

сурет ашық дереккөзден алынды

Алматыда қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақпен келе жатқан жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жасөспірімді қағып кетті. Жаяу жүргінші түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, кейін қаза болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға куәгерлері қайтыс болған баланың ауызашар уақытында жолдағы жүргізушілерге су мен құрма таратып жүргенін айтып жатыр. 

Полиция болған жағдайға байланысты пікір білдірді.

«18 сәуірде сағат 19.30-да 1998 жылы туған А. есімді азамат Toyota Camry маркалы көлігімен Абай даңғылы арқылы батыс бағытта жүріп келе жатқан. Сол сәтте 2007 жылы туған Н. жаяу жүргіншілерге рұқсат етілмеген жолды кесіп өтпек болған. Соның салдарынан жүргізуші кәмелет жасқа толмаған жеткіншекті қағып кетті. Әртүрлі дене жарақатын алған жаяу жүргінші қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілгенімен, артынша қайтыс болды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.