30 нау, 2022 сағат 19:26

Жұмыстағы жастарға баспананы жалға беру 2025 жылға дейін ұзартылады


Нұр-Сұлтан Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз баспананы жалға беру 2025 жылға дейін ұзартылады.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның айтуынша, жуықта ғана Government for zhastar ғылыми-зерттеу орталығының жанынан жастардың мәселелерімен айналысатын алаң құрылған. Осы алаңда қазақстандық жастардың баспана мәселесін талқылауға арналған шара жоспарланып отыр.

«Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеп жүрген жастарға арендалық баспана берілетінін білесіздер. Бұл бағдарлама 2021 жылға дейін жоспарланған. Аталған өңірлерде бұл бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», - деді ол Президент Жолдауын талқылауға арналған аналитикалық дискурс барысында. 

Оның сөзіне қарағанда, өзге өңірлерде де осыған ұқсас бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр.

«2022 жылдан бастап өзге өңірлерде де осыған ұқсас бағдарламалар іске қосылады. Қазірдің өзінде 3-4 өңір ниет білдіріп отыр», - деді Шахмардан Байманов.