Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысын өткізді. Оның барысында түрлі мәселелер талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Көшпелі отырысқа, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес сектордың өкілдері, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері мен оңалтудың техникалық құралдарын өндірушілер қатысты.
«Қазақстанда шамамен 690 мың мүгедек тұрады, олардың 90 мыңға жуығы балалар. Осы жылдың мамыр айында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейін ұлттық жоспар қабылданды. Ұлттық жоспардың міндеттерінің бірі - жұмыспен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда мүгедектердің 67 пайызы яғни 424 мың адам еңбекке қабілетті жаста. Алайда, оның тек 106,5 мыңы немесе 25 пайызы ғана еңбекке тартылған. Жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасын орындамай отыр», - деді Сапарбаев.
Осыған байланысты ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірі мен жұмысына қолайлы жағдай туғызу үшін мемлекет пен бизнестің күш-жігерін бірлесіп жұмсауға шақырды.
Еңбек министрі Б.Нұрымбетовтің мәліметінше, экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру деңгейі шамамен 40 пайызды құрайды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 47 мың мүмкіндігі шектеулі адамға қолдау көрсетілді, оның ішінде 40 мың адам жұмысқа орналастырылды, 900 микрокредит берілді.
«2020-2021 жылдары бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет», - деп атап өтті Б.Нұрымбетов.
Сондай-ақ, жиында мүгедектікті тағайындау рәсімдері кезінде сыбайлас жемқорлықты жою туралы мәселе талқыланды.
«Өкінішке қарай, біз жемқорлықтың барын ашық мойындауымыз керек. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін біз сырттай куәландыру тәртібін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін екі министрліктің ақпараттық базасын біріктіру қажет. Бұл жоба пилоттық режимде еліміздің бірнеше аймағында жүзеге асырылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау министрліктері бұл процесті тездетуі керек», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, мүгедектіктің алдын-алу, оларды кәсіпкерлікке тарту, оңалту орталықтарын құру, білім алуға, әлеуметтік маңызды нысандарға қол жетімділік, әлеуметтік қызметтер порталын құру, оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер қаралды.
Айта кету керек, үйлестіру кеңесінің аясында техникалық оңалту жабдықтарының көрмесі өтті, оған отандық өндірушілер қатысты.