02 қаз, 2023 сағат 15:57

ЖСН-нің өзі кей жағдайда дербес дерекке жатпайды - Екатерина Смышляева

Фото: freepik.com

Бүгінде ашық құжаттарда дербес деректердің берілуі өте көп кездеседі. Дербес деректердің осынша жиынтығын жариялауға болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Заңда дербес дерек деген ұғымның өзіне анықтама енгізіп жатырмыз. Өйткені қазір оның нақты түсініктемесі жоқ. Ұғымның бұлайша түсіндірілуі норманың екіұшты екенін көрсетеді. Біреулер ЖСН-ді дербес дерек десе, тағы біреулер дербес дерек емес дейді. Қазір заң жобасының аясында сарапшылармен бірге келешекте осындай нақты емес нормаларды болдырмау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. 

Жауапкершілікке келсек, дербес деректер туралы заңнаманы бұзған кез келген тұлға жауапкершілік арқалау керек. Кез келген тізім жария түрде жариялануы керек деген талап бар. Бірақ оның ішінде дербес дерек болуы керек деген талап еш жерде жоқ», - деді депутат.

Мәжіліс өкілі аталмыш тізімге енген тұлғалар Қаржы министрлігін дербес деректерін жариялады деген уәжбен сотқа бере алатынын атады.

Оның сөзінше, қазіргі заңнамада ЖСН мен адамның аты-жөні бір жағдайда дербес дерек болып есептелсе, тағы бір жағдайда дербес дерек болып есептелмейді.

«ЖСН адамның аты-жөнінсіз берілсе, тұлғаны анықтап бере алмайды. Яғни, халықаралық нормада мынандай - дербес дерек деген тұлғаның кім екенін анықтап тұруы керек. 

ЖСН сандары аты-жөнімен бірге берілмесе, иесі кім екенін табуға көмектесе ме? Көмектесе алмайды. Мемлекеттік орган сайттарының бірінде бұрын ЖСН арқылы адамның кім екенін білуге болатын, кейін ол қызметті жапты. Яғни, ЖСН адамның атымен бірге жарияланса, ол дербес дерек болып есептеледі. Тіпті адамның аты-жөні мен әкесінің аты да дербес дерек болып саналады. Қазіргі заңда осындай қосар стандарттар өте көп. 

Қазір осындай деректерді жариялау гигиенасы да пысықтауды қажет етеді. Бүгінде ашық құжаттарда дербес деректердің берілуі өте көп кездеседі. Мысалы, сот шешімдерінде дербес деректер бар. Олар ашық жарияланып жүр. Бұл – талап және дұрыс. Бірақ оның ішіндегі кейбір дербес деректерді жасыру жағын ойластыру керек. Дербес деректердің осынша жиынтығын жариялауға болмайды», - деді Екатерина Смышляева.