01 шіл, 2022 сағат 14:50

Агенттік күмәнді қаржы пирамидаларының тізімін жариялады


Жосықсыз қызмет көрсету белгілері бар ұйымдардың тізімі жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Азаматтардың, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар тұлғалар бойынша, оның ішінде іс-әрекеттеріне ҚНРДА-ға ҚР азаматтарының шағымдары келіп түскен ақпарат тұрақты негізде өзектендіріледі.

Мұндай тұлғалардың (азаматтар мен ұйымдардың) өз бетінше және (немесе) делдалдарды тарта отырып немесе жоғары кірістілік төлеуге уәде бере отырып, олардың атынан басқа адамдар әрекет ететін ақша тарту жөніндегі қызмет белгілері болады" - делінген хабарламада.

Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарын білдіретін қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде қалыптастырылған. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді.

"Тізімдегі субъектілердің қызметі қаржылық лицензиялау және реттеу аясынан тыс. Тиісінше, клиенттердің оларға көрсетілетін қаржылық қызметтер бойынша құқықтары заңнамалық тұрғыдан қорғалмаған. Осыған байланысты, Агенттіктің тізімінде көрсетілген тұлғалармен қаржылық операциялар жасау Қазақстан Республикасының азаматтары үшін салынған қаражаттан айырылудың жоғары тәуекелдеріне алып келуі мүмкін" - делінген ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, тізімді жариялау қолданыстағы алаяқтық схемалар мен жалған активтер туралы халықтың хабардар болуын арттыруға, тұтынушыларға осындай компанияларға салымдар бойынша шығын алудың жоғары тәуекелі туралы уақтылы ескертуге, осылайша алданып қалу ықтималдығын болдырмауға мүмкіндік береді.