14 қар, 2019 сағат 10:17

ЖОО-ларды оңтайландыру жөніндегі комиссия құрылды – Асқар Мамин

Елімізде Жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутатының ресми сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 62-бабына сәйкес мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандардағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады және оның көлемі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бойынша айқындалады. Бұл ретте, білім беру қызметінің нормативі білім беру процесіне байланысты шығыстар (білім беру процесіне қатысатын қызметкерлердің еңбекақы қоры, оқу шығыстары) мен білім беру ортасына қажетті шығыстар (білім беру процесіне қатыспайтын қызметкерлердің еңбекақы қоры, ғимараттарды ұстау және қызмет көрсету шығыстары) енді. Сіздің грант құнынан білім беру ортасына шығындарды шегеру жөніндегі ұсыныстарыңызға қатысты, оны қабылдау коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанындағы жоғары оқу орындарының толық қаржыландырылмауына (білім беру ортасы шығыстарына қаражатты орналастыру мүмкіндігінің болмауынан), олардың материалдық-техникалық базасының нашарлауына, шығындардың болуына, грант құнының төмен мөлшеріне байланысты мемлекеттік білім беру тапсырысынан жеке меншік жоғары білім ұйымдарының бас тартуына әкеп соғуы мүмкін, бұл жастардың жоғары білім алуға қол жеткізуіне теріс әсер етеді», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, жастардың шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін болдырмау мақсатында республикалық бюджет есебінен қаржыландыру жыл сайын бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуға бағытталған. Осылайша, ұлғаю 2017 жылы 10 мың орынды, 2018 жылы 20 мың орынды құрады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 2017 жылы – 603,3 млн теңге, 2018 жылы – 4 959,5 млн теңге, 2019 жылы – 22 681,1 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасын 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің 11 жоғары оқу орны жалпы сомасы 6 млрд теңге болатын 49 заманауи оқу-зерттеу зертханаларымен жарақтандырылды. Қазіргі таңда Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен 7 педагогикалық жоғары оқу орнының материалдықтехникалық базасын нығайту жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында жоғары оқу орындарына басқарушылық және қаржылық дербестік берілді, олар коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды және қаражаттарды тарту мен қаржы қаражатын жұмсауға, оларды жоғары оқу орнын дамыту үшін жинақтауға қабілетті.

«Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарындағы 50-90 пайыз табыс жоғары оқу орны айқындайтын ақылы білім беру қызметтері есебінен қалыптастырылады. Осыған орай, бүгінде мемлекететтің саясаты жоғары оқу орындарына академиялық және қаржылық бостандық беруге бағытталған және олардың материалдық-техникалық ұстауы жеке меншік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, менің өкіміммен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.М. Сапарбаевтың төрағалығымен Жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Аталған комиссияның негізгі міндеті жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың сапасын, оның ішінде тұрақты қаржыландыру есебінен арттыру туралы ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады. Жалпы алғанда, көрсетілген бағыттардағы жұмыс жалғасады және Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Мәжіліс депутат, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ә. Бектұрғанов Үкімет басшысына жолдаған сауалында жоғары білім беру саласын кредиттік-жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында білім беру гранты құрылымын қалыптастыру әдістемесін қайта қарауды сұраған болатын.