Бала денсаулығы басты назарда болғаны қуантады
Басты байлық – деннің саулығы. Қоғамымызда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі замандастарымыздың дені сау болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Соған орай, медициналық тексеріс, сырқаттанудың алдын алу, саламатты өмір салтын қалыптастыру, дәрігерлік тегін кеңес беру жүйелі жолға қойылған. Бірақ өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алады. Бүгінгі таңда балалардың құрсақта жатып кемтарлыққа шалдығуы белең алып отыр. Нәрестелердің туа біткен сал ауруы, есту-сөйлеу кемістігі жиі кездесуде.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар оларды күтіп-бағу, емдету, оқыту жағынан қиындыққа тап болып жатады. Көп жағдайда балаларды бағып-қағу қаражатқа келіп тіреледі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған бүгінгі Жолдауында әлеуметтік мәселеге, оның ішінде мүгедек балаларды емдетуге ерекше көңіл бөлгендігі қуантты. «Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарлама әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд. теңге бөлуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
«Жан-жағың аман болсын» дейді қазақ басқаға ақжарма тілегін арнағанда. Ендеше, Қазақстанның әрбір тұрғыны келешекке кедергісіз ұмтылуы керек.
Қадыр Әбдірахманов,
Сарқан аудандық мәслихатының хатшысы.
* * *
Көпшіліктің көңілінен шықты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы замандастарымызды айрықша толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешімін көрсетуімен құнды дер едім. Әсіресе ұлттық мүддеге негізделген тапсырмалардың өзектілігі өзін мемлекетшіл санайтын әрбір азаматты бейжай қалдырмасы анық.
Сонымен биылғы Жолдауда айтылған аса өзекті мәселелерге тоқталар болсам, Президенттің мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға, шағын және орта кәсіпкерлікті жаппай дамытуға, Үкіметтің тариф пен бағаны реттеу мәселесін қолға алуына, жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға жеткізуге, мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға қатысты ойлары - қолдарлық бастама. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдауы керектігін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі көкіректердегі асыл ойды дөп басқандай болды. Себебі, сайлаушылардың қолдауымен заң шығарушы органға барған кейбір депутаттардың халықтың мүддесі үшін бірауыз сөз айтпайтыны жасырын емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан шыққан сөздің ең аталысы – ата-бабамыз қасық қанымен қорғаған жеріміздің шетілдіктерге сатылмайтындығын мәлімдеуі дер едім. Алғашқы Жолдауы болғандығына қарамастан аса өзекті мәселе жайлы: «Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Жерді тиімді игеру мәселесі барған сайын өзектіленіп барады. Жағдай жерге салынатын тікелей салықтың төмендігімен ушығып отыр. Мемлекеттен ақысыз жер жалдау құқығын алғандар иелігіндегі жермен жұмыс істемей отыр. Елімізде латифундистер қатары пайда болды», – деп ашып айтуы көпшіліктің көңілінен шықты.
Әбілғазы Райымбеков,
Алматы облысының Құрметті азаматы
* * *
Алтын арқау үзілмейді
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауы еліміздің алдағы уақытта ұстанатын стратегиясын таныстырды. Мемлекет дамуының жаңа кезеңіне аттау үшін Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүзеге асатындығын айтқан Президент: «Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр», – деді.
Президенттің әлеуметтік желі арқылы мемлекет пен халықтың арасында алтын көпір орнату идеясы көпшіліктің қызығушылығын оятты. Расында халықпен тиімді кері байланыс орнату - қашанда басты мақсаттардың бірі. Ендігі кезекте Президент Әкімшілігінде осы саланы қадағалайтын бөлім ашылды. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қою мемлекеттік органдар қызметінің басты басымдықтары саналады. Президент Әкімшілігінде мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қарау сапасын қадағалайтын, олар бойынша жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізге аса қажетті салалардың жұмысын жандандырудың тиімділігін алға тартты.
Осы орайда Алматы облысының барлық деңгейдегі әкімдері мен әкімдіктерінде әлеуметтік желі беттерінде халықпен кері байланыс орнатылғанын айта кеткен жөн.
Жалпы үш жыл бойы жүргізілген аккаунттарда жетісулықтар өздерінің сауалдарына толыққанды жауап алып қана қоймай, өздерінің көзқарасы мен ұсыныстарын да білдіріп келді. Сондай-ақ, облыстық басқармалар мен департаменттер әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын жүргізіп, халықпен қарым-қатынасты «онлайн» форматта жүргізуде. Мемлекеттік қызметшілердің онлайн түрде тез әрі оперативті қызмет көрсетуі тұрғындар арасында сенім тудырып, өзекті мәселелер тез шешімін табады деп сенеміз.
Жанна Арынбекова,
«Jetisu media» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы