22 қаз, 2018 сағат 14:10

Жолда жаға жыртысқандар ұсталды - Алматы полициясы

Алматыда жолға таласып, бір-біріне жұдырық ала жүгірген жүргізушілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіп бұзушылық туралы видео Инстаграм желісінде жарияланды. Райымбек пен Назарбаев даңғылы қиылысында «Нисcан Максима» көлігі мен «Мерседес» көлігінің жүргізушілері жолға таласып қалған.

Жүргізушілер жол ортасында кептеліс тудырып, бір-біріне жұдырық ала жүгірген. Жолаушылар олардың тапанша және пышақ алып жүгіргенін айтқан. Алайда, олардың қолында тапанша мен пышақ емес, аэрозоль баллоны мен баллон кілті болған.

Қалалық полиция департаментінің Жетісу аудандық ІІБ қызметкерлері жолда төбелес шығарған жүргізушілерді ұстады.

Алайда, бұл дерек туралы полицияға ешкім хабарласпаған.

«Төбелеске көшедегі адамдар араласып, ажыратып алған. 102 нөміріне қоңырау түспеді. Бұл жайт туралы полиция тек әлеуметтік желіден көрген. Полиция бұзақыларды көп ұзамай ұстап, сұрақ-жауап алды. «Нисcан Максима» жүргізушісі 27 жастағы Сұрамысов А баллон кілтін пайдаланса, 28 жастағы Сұлтанали Д «Премьер-4» аэрозольді пирамеханикалық баллонымен қаруланған. Аталған заттар іске дәйекзаттары ретінде тәркіленді. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабымен тергеу ісі басталды», - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсанов.