23 сәу, 2020 сағат 16:01

Жол жөндейтін жұмысшылар санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтайды

Биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауға 86 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және аталған жолдарды күтіп ұстауға 86 млрд теңге бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстармен жолдардың 440 шақырымы қамтылып отыр. Оның 62 шақырымы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Күрделі жөндеу жұмыстарының аясында барлығы 23 жоба іске асырылып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстарымен автомобиль жолдарының 1079 шақырымы қамтылған. Орташа жөндеу жұмыстарының аясында 65 жоба іске асырылуда», - деді ол. 

Оның айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарда екі ай ішінде шұңқырларды жамау, жол белгілерін орнату және ауыстыру, сондай-ақ жолдардың қозғалыс бөлігін таңбалау сияқты жұмыстардың жылдық көлемінің кем дегенде 60 пайызы орындалмақ. Бұл жұмыстар 15 сәуір мен 15 маусым аралығында еліміздің оңтүстік өңірлерінде атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, 1 мамыр мен 1 шілде аралығында еліміздің солтүстік аймақтарындағы Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілетін болады.

«Автомобиль жолдарын күтіп ұстау аясындағы жұмыстардың барлығы жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілуде. Жұмысшылар санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің барлығын қатаң сақтайды», - деді комитет басшысы.