04 қаң, 2017 сағат 11:37

Жол полицейлері көшеде көлікті қолмен тоқтата алады - ҚР ІІМ

- ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ирина Лукьянинаның айтуынша, жаңа жылдан бастап енгізілген «жаңалықтың» халық дұрыс түсінбей қалған бір тұсы бар. 

Шұғыл іздестіру шаралары барысында жол-патрульдік полиция қызметкері көшеде тұрып, іздеу жарияланған көліктерді қолмен тоқтата алады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтем жасап.

«Иә, осыны дұрыс түсініп алу қажет. Көлікті тоқтатқаннан кейін жүргізуші тарапынан полиция қызметкерінің әрекеті қаншалықты заңды екеніне қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Олар бірден басшылықтың ресми хатын талап етеді. Оны да жақсы білеміз. Алайда жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жол полициясы қызметкері тек өзінің қызметтік куәлігін ғана көрсетуі тиіс. Басқа құжаттарды көрсетуге міндетті емес. Мәселен,ертең біреуді жолдың жиегінде тұрған бір полицей қолмен тоқтатып, шұғыл іздестіру шараларының басталғанын және көліктің қылмыс жасалған машинаға ұқсайтынын мәлімдесе, кез келген көлік жүргізушісі «102» телефон нөміріне қоңырау шалып,іздестіру шарасы жүріп жатыр ма, жоқ па, анық біле алады. Сосын көлік жүргізушісі жол-патрульдік полиция қызметерінің аты-жөнін, төс белгісінің нөмірін жазып алып, арыз-шағым түсірсе де болады. Біз қызметкердің көлікті заңды тоқтатты ма, жоқ па, жан-жақты тексеріп шығамыз. Көлікті негізсіз тоқтатса, полиция қызметкері жауапқа тартылады. Сондықтан көшеде жол полициясы қолмен тоқтатса, міндетті түрде тоқтау қажет», - дейді И.Лукьянова.

Оның айтуынша, «жол-патрульдік полиция қызметкеріне көлікті қолмен тоқтатуға рұқсат жоқ» дегенді халық біржақты түсініп, жол полициясы көшеде көлікті мүлдем тоқтата алмайды деп қабылдады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, жол қозғалысы ережелерін толығымен автопатруль бақылайды. Ал қаланың кіре берісіндегі өткізу бекеттерінде, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен шұғыл іздестіру шаралары кезінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді қолмен тоқтата алады.   

Еске салайық, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ішкі істер органдарының қызметкерлері көлікті тоқтату үшін арнайы таяқшаларды қолданбайды.

Ішкі істер министрлігінен мәлім еткендей, ендігіде полицейлер көлікті тоқтату үшін қолын көтеріп, «Тоқта!» деген белгі береді және сонымен бірге, ысқырықты немесе арнайы дыбыс күшейткіш және жарық беретін құралдарды қолданады. Жол ережесін бұзушылар сондай-ақ автопатрульмен тоқтатылатын болады. 

«Жол ережесін бұзғандарды анықтау үшін бейнекамералар, сонымен бірге ішкі істер органдарының бейне тіркеуіштері қолданылады», - деп түсіндірді ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.