17 мам, 2022 сағат 18:18

Жоғары сынып оқушылары 10 жастағы баланы зорлағаны үшін айыпталды

© Public Domain

Ақмола облыстық полиция департаменті 10 жастағы оқушыны зорлау оқиғасы бойынша тергеу шараларының басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тараған болатын. Полицияның мәліметіне сәйкес, бала астанаға жақын жердегі мектепке оқиды.

"Полицияға WhatsApp мессенджерінде астанаға жақын жердегі елді мекенде тұратын 2012 жылғы балаға сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасалған видеоның тарағаны туралы ақпарат түсті. Осы оқиға бойынша шұғыл тергеу шаралары басталды", - дейді департамент мамандары.

Қазіргі кезде сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Процессуалдық шаралар да қолға алынды.

"Кәмелеттік жасқа толмағандардан жауап алынып жатыр. Оған заңды өкілдері, педагогтар, психологтар мен адвокаттар қатысып жүр", - деп атап көрсетті полицейлер.

Айта кетері, тергеу шаралары Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-тармағы (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, жас балаға қатысты жасалған әрекет) жүргізіліп жатыр.

Осы бапта 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.