08 жел, 2022 сағат 11:34

Жоғарғы соттың төрағасы ауысты


Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы лауазымына Асламбек Мерғалиевтің кандидатурасын ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін біз Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен және Конституция мен Сенаттың айрықша кіріспесіне сәйкес, Жоғарғы Соттың төрағасын қызметінен босату және осы қызметке сайлау туралы мәселені қарастырамыз. Бес жыл бұрын осы құқықты пайдалана отырып, Жақып Асановты Жоғарғы Соттың төрағасы етіп сайлағанбыз. Қаңтарда оның өкілеттігі аяқталады және басқа лауазымға ауысуына байланысты қазір сіздердің алдарыңызда Президенттің оны осы лауазымнан босату туралы ұсынысын қабылдаймыз", - деді Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Сенат отырысында.

Сенаторлар Мерғалиевтің кандидатурасын бірауыздан қолдап, тиісті қаулыны қабылдады. Ал жаңадан сайланған төраға адал қызмет атқаруға ант берді.

Асламбек Мерғалиев 1972 жылы 2 сәуірде Павлодар облысы Ертіс ауданы Қарақұдық ауылында туған.

1999 жылы заңгер мамандығы бойынша Ыстамбұл мемлекеттік университетін бітірген.

Сот саласында 2001 жылдан бері қызмет істеп келеді.

2001-2003 ж.ж. - Павлодар облыстық сотының бас маманы;

2003-2007 ж.ж. - Павлодар қалалық сотының судьясы;

2007-2008 ж.ж. - Павлодар облысы Екібастұз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы;

2008-2012 ж.ж. - Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының төрағасы;

2012 -2014 ж.ж. - Павлодар қалалық №2 сотының төрағасы;

2014 жылдың 17 маусымынан 2015 жылдың 18 желтоқсанына дейін - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметін атқарған.

2015 жылдан 2020 жылға дейін Қостанай облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.

2020 жылдың 31 желтоқсанынан бастап бүгінге дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып жұмыс істеген.

Айта кетейік, 2017 жылдың желтоқсан айында Жоғарғы Сот төрағасы болған Жақып Асанов қызметінен босатылды.