03 қыр, 2019 сағат 07:13

Жоғалып кеткен 1-сынып оқушысы табылды

Алматы полициясы жоғалып кеткен 1-сынып оқушысын тапты, деп хабарлайды Қазақпарат.

Полицияға кешкі сағат 17:55-тер шамасында 6 жасар Бағжан Ерболаттың жоғалып кеткені туралы хабар берілген. Анасының айтуынша, бала «Дорожник» шағын ауданындағы үйдің ауласында ойнап жүрген.

«Баласы табылмаған соң әйел полицияға жүгінген. Біз бірден бірнеше іздеу тобын құрдық. Оған криминалды полиция, жасөспірімдер ісі бойынша бөлім инспекторлары тартылды. Бағжан Үлкен Алматы каналына кетіп қалды ау деген де ой болды. Баланың түр сипаты туралы хабар Алматы аудандық полиция басқармаларына таратылды», - деді Жетісу аудандық полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсанов.

Полиция негізінен іздеу жұмыстарын Айнабұлақ шағын ауданында жүргізді.

Баланың қолында самокат болған.

Түнгі сағат 22:00-дер шамасында полиция экипажы баланы Қапшағай көпірінде облысқа қарай кетіп бара жатқан жерінен тапты.

«Бала дін аман. Анасына тапсырылды. Анасының қуанышында шек жоқ. Бағжан - отбасының тұңғышы. Биыл бірінші сыныпқа барған. Үйінен неге кетіп қалғанын әзірше түсіндіре алмай отыр»,- деді полковник Дархан Мұсанов.