Фото: kaztag.kz
Ауылдың жыры мен зарын Үкіметке жеткізіп жүрген санаулы мәжіліс депуттарының бірі, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жигули Дайрабаев су тасқыны кезіндегі дихандардың проблемасы, тозығы жеткен елді мекендер жайы, бос жатқан жерлер, Парламенттегі ауыл үніне қатысты Ulys тілшісінің бірқатар сұрағына жауап берді.
Жигули Молдақалықұлы, уақытыңызды бөліп бізге сұхат бергеніңізге редакция атынан зор алғыс білдіремін! Алғашқы сұрағым қазір және болашақта аса маңызды болатын су мәселесіне қатысты. Бәріміз білетіндей сіз осы жылдың басында Үкімет жанынан құрылған Су кеңесінің құрамына кірдіңіз? Осы кеңес жұмысы туралы толық айтып берсеңіз?
Президентіміз су айналасында қордаланған түйіндерді шешу мақсатында Үкіметке тапсырма беріп, жеке министрлік құрған болатын. Бұл тек атқарушы органның бір тармағы ғана. Мұны қанағат тұтып отыра беретін болсақ нәтиже болмайтыны анық. Мысалы, трансшекаралық өзендердің мәселесінде Сыртқы істер министрлігінің ықпалы қажет болса, су жүйелерін цифрландыру бағытында бөлек құрылымдағы ведомствоның көмегіне мұқтаж. Ал судың негізгі тұтынушысы болып есептелетін өндіріс пен ауыл шаруашылығы басқа меморгандардың құзыретінде. Бұдан бөлек жаңа технологияларды жетік білетін сарапшылар қауымдастығы мен ғалымдар бар емес пе? Мінекей, солардың барлығының пікірі мен ұсыныстарын біріктіретін, бір жерде талқылайтын арнайы алқалық орта керек болды. Осы тұрғыдан құрылған Су кеңесінің қазіргі қолға алған жұмыстары жүйелі өзгерістің бір бөлігі ғана деп білемін.
ЖАҢА СУ ҚОЙМАЛАРЫН САЛУ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕН СУЫНА ТӘУЕКЕЛДІ АЗАЙТАДЫ
Қазақстан трансшекаралық өзен суына кіріптар. Бұл мәселелер болашақта қалай шешімін табуы мүмкін? Сосын ауыл шаруашылығы жерлерін суарудағы түйіндер туралы не айтасыз?
Соңғы уақытта қуаңшылық проблемасы тек ғана Қазақстанда емес, әлемнің барлық елінде байқалуда. Оның үстіне жер шарындағы халық санының күрт өсуі, азық-түлік дағдарысына әкеліп соқтыратыны тағы бар. Осыны ескерген мемлекеттер қол қусырып отырмасы анық. Қазақстанға кіретін өзендердің бастауына иелік етіп отырған Қытай да, Орталық Азиядағы көршілеріміз де бұл тәуекелдің алдын алатыны белгілі. Демек олардың әрқайсысы су қорын жинақтайды. Президентіміздің 20-ға жуық су қоймасын жақын уақытта салу керек деген тапсырмасы есіңізде шығар? Бұл су бойынша басқа елдерге деген тәуелділікті азайтудың негізгі амалы. Сондықтан да Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын тез арада қолға алып, осы бағыттағы жұмыстарды үдетуі тиіс. Және де сыртқы саясатта трансшекаралық өзендер бойынша позициямызды нақты айқындап алып, келісөздерді интенсивті түрде жүргізу қажет.
Ауылдағы шаруашылықты ұлғайту үшін жер керек. Негізгі игерілмей жатқан ауылдық жерлер көп пе?
Әрине, игерілмей жатқан жерлер өте көп! Сол жердің барлығын баяғыдан бері өндіріс айналымына жіберіп, қолға алғанда Қазақстан аграрлы держава елдерінің қатарына енетін еді. Әттең, бұл бағытта Үкімет ауыз толтырарлық нәтижеге қол жеткізе алмай жүр. Оның үстіне урбанизация проблемасы кадр тапшылығына алып келуде. Егіс алқаптарын игеру және мал шаруашылығын қолға алу үшін жұмысшы керек емес пе? Ал халық жаппай қалаларға көшіп жатқанда мұның арты жақсылыққа апара қоймасы анық. Менің пікірімше, бұл мәселені шешудің екі шешімі бар. Біріншісі – қолда бар өндірісті интенсивті жүйеге ауыстырып, жаңа технологиялардың арқасында өнімділікті ұлғайту. Екіншісі – өндіріспен айналысамын деген азаматтарға мейлінше жағдай жасау, оларды ынталандыру. Тек сонда ғана бос жатқан жер, халық игілігіне айналатын болады.
ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ТҮСІП, ЖЕҢІЛІП ҚАЛҒАНЫМА ӨКІНБЕЙМІН
Сіз 2022 жылы Президент сайлауында негізгі кандидаттардың бірі болып бақ сынадыңыз. Шындығын айту керек, сол кезде сізді көбі «екінші Қосанов» деген пікір айтты?
Мен Президент сайлауына кандидат болып тіркеліп, алғашқы кездесуімді өзімнің туған ауылымнан бастадым. Сол кездесуде менің жақын туыс ағам көп адамның көзінше «Жигули, сен шыныңды айт, сен спектакль қойып, Қосанов сияқты болып жүрген жоқсың ба? Ертең ел-жұртқа күлкі, мазақ болмайық» деп төтесінен айтты. «Аға, мен сатқын немесе біреудің рөлін ойнап жүрген жоқпын. Шамаңыз келсе, мені қолдап дауыс беріңіз!» дедім мен. Міне, кезінде осындай әңгімелер айтылған. Әрине, мен ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын ғой... «Ит үреді, керуен көшеді». Мен шынымен президент сайлауында жеңіске жеткім келді және бұл ісім үшін еш өкінбеймін. Сосын мен президенттікке кандидат болып, сайлауда жеңіске жетпей қалғаныма өкініп, сары уайымға да түскен жоқпын. Мен саясаткермін... Саясаткерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Керсінше мен осы додадан кейін күш алдым. Өз партияластарымды жігерлендіріп, қайта Парламент сайлауына түстім. Өмірдің өзі күрес...
Сіз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесіз. Қазір Парламент қабырғасында жүріп аграрлардың жағдайын жақсарту бағытында қандай жұмыстар мен жобаларға бастамашыл болып жүрсіз?
Парламент Мәжілісінде «Ауыл» партиясы фракциясының 8 депутаты бар. Мен солардың бірімін. Әрқайсымыздың алға қойған мақсатымыз бар. Ол– партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру. «Ауылдықтарды» қолдап, дауыс берген саулаушыларды ұмытпайымыз керек. Біздің тірегіміз – сайлаушылар. Сондықтан сайлауалды бағадарламамыздың әр тармағын орындауға міндеттіміз. Маған жүктелген іс –аграрлы мәселелерге қатысты заңнамалық проблемаларды шешу. Негізгі жобамыз Аграрлы банк құру және азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын дайындап, оның қабылдауына күш салу. Сондай-ақ фермерлердің назын тыңдап, оларды Үкіметке жеткізумен айналысамын. Фракциямыздың депутаттары төменгі палатадағы әр комитетте мүше болып отыр. Бірі салық мәселелерімен шұғылданса, енді бірі ауылды елді мекендердің проблемасын шешумен айналысып жүр.
Биылғы көктемгі егін егу науқаны шаруалар үшін қиыншылықтар әкелуде. Бұл бағытта не айтар едіңіз?
Әр көктемгі егіс науқаны – біздер үшін стресс. Жанар-жағармайдың көлемі жете ме? Оларды жеткізу жүйесі қалай болмақ? Бекітілген норматив агротехнологиялық талаптарды орындауға жеткілікті ме? Тұқымның сапасы не болады? Тыңғайтқыштар қымбаттады ма? Тағы басқа осындай сұрақтар әрине маза бермейді. Көктемгі егіс науқыны кезінде тағы бір мәселе - несие мен субсидияның дұрыс бөлінбеуі. Оның үстіне биылғы су тасқыны шаруалардың, ауыл тұрғындарының жағдайларын одан әрі қиындатып отыр. Егетін тұқымы мен малдары су астында қалып зор шығынға ұшырауда. Оның үстіне егін салатын уақытты ешқашанда кешеуілдетуге болмайды. Егер уақыттан сәл кеш қалсаңыз тиісті өнім ала алмай қаласыз. Сондықтан да дәл қазір фермерлерге жан-жақты қолдау қажет. Айта берсек, проблема көп. Жақында ғана Аграрлық мәселелер комитеті осы айтылған өзекті мәселелерді талқыға салып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті талаптарды жолдадық.
ҚАЗАҚСТАНДЫ АГРАРЛЫ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛДЫРАТЫН ЗАҢ ШЫҒАРУ КЕРЕК
Парламенттегі «Ауыл» партиясының жұмысы мен партия атынан дайындалып жатқан заң жобалар туралы айтып берсеңіз?
Ең басты екі жобамыз бар деп айтқан едім жоғарыда. Бірі фермерлердің арзан қаражатқа деген қажеттілігін шешуге бағытталған Агробанк құру болса, екіншісі Қазақстанды аграрлы державаға айналдыруды көздейтін азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң шығару. Екі жобамызды қатар алып келеміз. Заңдардың мәтіні мен концепциясы дайын. Дәл осы шақта соларды қауымдастықтармен талқылап жатырмыз. Әзірше беталысымыз жаман емес сияқты.
Соңғы болған Парламент сайлауында «Ауыл» партиясы ықпалды, айтары бар саяси күшке айналғанын көрдік. Сайлаушыларыңыздың мұң-мүддесін, талап-тілегін Үкіметке жеткізуде қандай жұмыстар атқарылуда?
Сайлаушыларымыздың көп бөлігі – өңірлерде тұрады. Олармен тығыз байланыс партиямыздың филиалдары арқылы жүргізіліп жатыр. Мұны қолға алу аса маңызды деп білеміз. «Ауыл» парламенттік партияға айналғалы бері электоратымыздың айтарлықтай сенімі күшейді. Өзімізді мақтағандай болмайын, бірақ ауылдың үні биік мінберден естіле бастады. Сонымен қатар Үкіметке көптеген мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолданып, тұщымды ұсыныстар енгізілді. Ең негізгі жұмысымыз – заң жобаларын қабылдау барысында ауыл мен агроөнеркәсіп кешенінің мүддесін қорғау. Осы бағытта бірқатар заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бізді іздеп келген азаматтарға да есігімізді айқара ашып, қабылдаудамыз. Алдағы шілде мен тамыз айларында өңірлерге іс-сапарға барғанда осы жайлы толық ақпарат береміз деп отырмыз.
«Ауыл» партиясының жұмысы сайлаудан кейін қалай өзгерді?
Өз-өзімізге баға бергеннен аулақпын. Мұндайда сайлаушылар сөйлегені дұрыс. Айтатыным - өзгеріс бар. Бірқатар жоба нақты іске аса бастады. Олармен жақын танысу үшін орталық аппаратымызға арнайы қонаққа шақырамыз. Келіңіздер.
«КЕПІІЛДІККЕ МҮЛІК ӘКЕЛІП, НЕСИЕ АЛ ДА ЖҰМЫС ІСТЕ» ДЕГЕН ҚАҒИДА ЖАРАМАЙДЫ
Ауылдың жайын сізден жақсы білетін адам жоқ. Қазір тозған ауылдар көп? Қайтсек ауыл-аймақты дамыта аламыз? Сіздің жеке пікіріңіз?
Ауыл мен ауыл шаруашылығы егіз ұғым. Мен бұл қағиданы үнемі айтып келемін. Агроөнеркәсіп дамымай жүйелі жұмыс болмайды. Адамзатты алға жетелейтін тек еңбек қана. Қолға кетпен-күрек аламын дейтін азаматтарға тиісті жағдай жасалуы тиіс. «Кепілдікке мүлік әкеліп, несие ал да жұмыс істе» деп отыра беру жарамайды. Үкімет бұл принциптен кетуі тиіс. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды мейлінше ауылға қарай бұру керек. Сонда ғана ауыл дамиды.