19 қар, 2025 сағат 16:56

Алматыдағы №224 мектеп дауы: Қазақтарды орыстандыру саясатының жалғасы ма?

 

Фото: qamshy.kz

 

Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №224 мектеп 2500 оқушыға арналған, бұл – ең заманауи және ең үлкен оқу орындарының бірі. Алайда ашылардан бұрын-ақ оқыту тілі туралы мәселе ата-аналар мен билік арасындағы басты дауға айналды, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Тілге қатысты дау неден басталды?

 

31 қазанға дейін Алматы әкімдігінде ата-аналар мен белсенділер үш рет жиналды. Олар Бостандық ауданындағы жаңа №224 мектеп тек қазақ тілінде білім беретін мектеп болуы керек деп талап етті.


Жаңа №224 мектептің ашылатыны хабарланған кезде ата-аналар қатты қуанған. Бірақ көп ұзамай мектеп аралас болып кетуі мүмкін деген әңгіме тараған. Мектепке қабылдау 29 қазанда басталып, 31 қазан сағат 13:00 жағдайы бойынша 1002 өтініш түскен.


«Оның 779-ы – қазақ сыныптарына, 223-і – орыс сыныптарына. Микроучаскеге 633 бала жатады, олардың 611-і қазақ сыныптарына өтініш берген. Бұл балалар міндетті түрде қабылданады. Қазақ тілінде білім беретін 55 мұғалім жұмысқа алынды, тағы 12 педагог басқа мектептерден ауысып жатыр. Ал орыс сыныптарына әзірге мұғалім табылмады. Сондықтан II тоқсаннан бастап №224 мектеп қазақ тілінде жұмысын бастады», ­ – дейді Білім басқармасының басшысы Сайран Тапенұлы.



Бір таңғаларлығы, Білім басқармасының ресми өкілі орыс сыныптарына өтініш берген ата-аналарға кадр мәселесі шешілмейінше балаларды қабылдай алмайтындарын айтқан. Ал орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдер жасақталса, о баста қазақ мектебі деп жазылған оқу орнын аралас мектеп етуге дайын ба?


Жазушы әрі қоғам белсендісі Марат Байділдәұлы бұл дауды жай тіл мәселесі емес, ұлттық сана тұрғысынан бағалау керек екенін айтты.


«1982 жылдан бері Алматыда қазақ тілінде оқытатын мектеп ашуды талап етіп келеміз. Кеңес заманында мектептің бір қуысынан болса да бір қазақ сыныбы ашылса деп армандадық. Ал қазір  тәуелсіз елміз. Аралас мектеп – отарлық саясаттың сарқыншағы, қазақтарды орыстандырудың бір тәсілі. Тәуелсіз мемлекетте неге сол жүйенің салдарымен өмір сүруіміз керек? Мектеп не толық қазақша, не толық орысша болуы тиіс. Аралас мектеп ұлт рухын әлсіретеді», – деді жазушы.

 


«Уақытша тіркеу жасап, чаттарда демагогия жүргізбеуі керек»

 

Бұл мектептің оқыту тілі құрылысы туралы шешім қабылданған алғашқы күннен бастап мемлекеттік тіл деп жоспарланған. №224 мектептің Жарғысында да нақты жазылған – оқыту тілі 100% қазақша. Себебі Бостандық ауданында қазақ тілінде білім беретін мектептердің жоқтың қасы болуы ұзақ жылдар бойы күрделі проблемаға айналған. Ата-аналар балаларын басқа аудандарға тасып оқытуға мәжбүр болған.


Аралас мектеп талап еткен әйелдер біреудің тапсырмасымен әрекет етіп жүр деген пікір бар. Үй чаттарындағы уақытша тіркеу туралы скриншоттар да тарады. Уақытша тіркеу, балаларды орыс сыныбына беру мен орысша оқытатын мұғалімдерді жинау әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.


Жергішлікті тұрғындар осы даудың тууына Алматы Білім басқармасының басшысы мен оның орынбасарын айыптайды. Сөздерінше, аралас мектеп талап етіп жүрген 3-4 анаға түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізіп, мәселені алғашқы сәтте-ақ шешуге болар еді деген пікірде. Тұрғындар Қазақстан азаматы мемлекеттік тілге құрметпен қарауы тиіс, уақытша тіркеу жасап алып, чаттарда демагогия жүргізбеуі керек деп санайды.

 

Мемлекеттік тіл геосаясатқа құрбан бола ма?

 

Бұл мәселеде депутаттар да тыс қалмады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи №224 мектеп төңірегіндегі жағдайға пікір білдіргенде, астарында геосаясат жатқанын да жасырмады.


«Геосаясат деген түсінік бар. Биліктегі адамдар соның ыңғайына жығылып, Ресейге жаққысы келеді. Бар мәселе – осында. Бірақ оны ашық айта алмайды – себеп тағы да сол геосаясат! Менің де, Ақорданың да ишарасын түсіндіңіз деп ойлаймын», – дейді Ермұрат Бапи.



Ал депутат Ерлан Саировтың айтуынша, мемлекеттік шешімдерге қарсы шығатын азаматтармен жергілікті органдар диалог орнатуы тиіс.


«Қазақстанда мемлекеттік тілдегі мектептердің саны тұрақты түрде өсіп жатыр, бүгінде олар төрт мыңнан асады. Бұл – демографиялық үдерістер мен ұлттық сананың артуымен байланысты табиғи құбылыс. Бірақ қазіргі геосаяси жағдай күрделі болғандықтан, бұл мәселені эволюциялық жолмен, жоспарлы түрде, артық эмоциясыз, заң аясында шешу керек. Ал мемлекеттік шешімдерге қарсы шығатын азаматтармен жергілікті органдар диалог орнатуы тиіс. Ең бастысы – арандатушылыққа ермеу. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін салмақты саясат қажет», – дейді Ерлан Саиров.



Алматыдағы №224 мектеп төңірегіндегі дау – бұл жеке бір мектептің мәселесінен әлдеқайда кең құбылыс. Ол тіл, қала демографиясы, мемлекеттік саясат, ата-аналардың мектепке сұранысы және орталық-жергілікті билік арасындағы коммуникация сияқты жүйелік факторларды ашып берді. Бұл жағдай мемлекеттік деңгейде көп талқыланатын «қазақ тілін күшейту» саясаты шынайы өмірдегі инфрақұрылымдық, кадрлық және құқықтық мәселелермен бетпе-бет келгенін көрсетті. Даудың бір бөлігі әлеуметтік желі мен медиа арқылы «ұлттық қауіп», «ассимиляция», «отарлық мұра» сияқты идеологиялық деңгейге көтеріліп кетті. Бұл жағдай болашақта білім беру жүйесін «қоғамдық сұранысқа қарай» икемді етуге әсер етуі мүмкін.