17 шіл, 2017 сағат 08:32

Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақ дәстүрлері

Бауыржан Момышұлы 1942 жылы «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлар» деген жалпы тақырыпта жеке басынан өткен ауыртпалық пен қиыншылықтардың, жеке солдат пен тұтас жауынгер коллективтердің ұрыс қимылдарының қорытындыларын жинақтап жазуға әрекет жасаған. Сол шақта Қазақ ССР-ы Халық комиссарлары советінің председателі Н.Оңдасыновқа жазған хатынан үзінді ұсынамыз.

Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттардың бойында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы аса зор екеніне көзім жетті.

1. Әдет және әдеп.

«Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады».
«Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақөсымен ауылдас болғын».
«Тенксізден тезек артық».
«Жаным арымның садағасы».
«Өлімнен ұят күшті».
«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді».

Бұл мақалдардың түбірі мен мән-мағынасын баяндағым келеді. Сырын ашсақ, тәрбие ана сүтімен бірге сана-сезімге сіңіп дағдыға, әдетке айналуы қажет. Үлкенді сыйлау, парыз бен ар-ұятты қасиет тұту, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, заңға мойынмұнушылық, адамды бәрінен де ардақтау  - адам бойында адамгершілік, Отанға, елге, халыққа, үй ішіне, адамға, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Өнегелі тәрбие алған адам Отанға берілгендік, әділдік, тәртіптілік сияқты жауынгерлік қасиеттердің негізін бойына сіңіреді.

2. Асық, шілік, жасырынбақ ойнау, жарыс, күрес, ақсүйек ойнау – жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, мергендікке, ширақтыққа, табандылыққа, сондай-ақ және ұрыста солдатқа ауадай қажет басқа да жақсы әскери (жауынгерлік) қасиеттерге тәрбиелейді.

Соғыс тәжірибелері, әдіссіздік – әлсіздік, ептілік те ерлік екеніне көзімді жеткіздім. Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс. халық даналығының алтын қазынасы біздің жетістігімізге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байытып, істерімізге қолғабыс жасауға тиіс.

Тарихымыздағы даңқты қазақ жігіттері  – Исатай, Махамбет, Амангелді және тағы басқалардың ерлік істері біздің қазіргі заманғы жігіттеріміздің дәстүріне айналуы керек – жастарымыздың оларды нашар білетіні қандай өкінішті десеңші.

3. «Сөз тапқанға қолқа жоқ».

Бәдік айту, той, айтыс – тез ойлауға, тапқырлыққа тәрбиелейтін өнер сайысы. Айтыстай адамды аңдаусызда күтпеген, ұрымтал жерден төпеп тастарлық бір де бір өнер сайысы жоқ. Айтыс, бәдік айту, тойда жасөспірімдер мен қыздар өлеңді суырып салып айтуға машықтанады, ауыз әдебиеті мен музыкаға сүйіспеншілігін арттырады, олардың ой өрісін кеңітеді, тапқырлық пен ептілікке үйренеді.

Ал ұрыста күтпеген оқыс жағдайлар көп. Тапқырлық пен пайымдағыш қасиет солдаттың бойында үнемі болуға тиіс, ол кейде тұйыққа тіреліп, шығар жол жоқтай көрінген жағдайда жеңісті қамтамасыз етеді – білек бірді, айла, ақыл мыңды жеңеді.

4. Көкпар, бәйге, аударыспақ – батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтыратын, құмарлықты оятар, есеппен тәуекелге бел байлауға, тіпті өзінің ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық спорттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне ешқандай күдік болмауға тиіс. Бұл ойындар ер жігіттің бойында, Қызыл Армия солдатына соншалықты қажетті игілікті рыцарьлық қасиет тәрбиелейді.