28 қаң, 2026 сағат 13:51

«Заң бар, бірақ формализм жеңіп тұр» – Депутаттар әскерге дайындық мәселесін көтерді


Фото: Ашық дереккөзден
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліснің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері А.Құспан Премьер-Министрідің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ.Балаеваға депутаттық сауал жолдап, әскерге дейінгі дайындықтың маңызы мен болашағы жөнінде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп есептейтінін айтты. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды. 

Соңғы жылдары мерзімді әскери қызметті жасақтау мәселесі күрделеніп бара жатқанын айтып өткен депутат әскери қызметті саналы түрде өмірінің өзегі, негізі етіп таңдаған жастардың саны жылдан жылға азайып барады деп қынжылды. 

Абзал Құспанның пікірінше бұл көрініс атқарылып жатқан шаралар тиімділігінің жеткіліксіз және мұнда формализмнің кең орын алғанын көрсетеді.

"Осы олқылықтарды жою мақсатында 2025 жылдың 16 шілдесінде әскери-патриоттық тәрбие мен әскерге дейінгі дайындықты біртұтас әрі жүйелі моделін қалыптастыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды.  
«Жақсы жүйе – жарты жеңіс» дегендей, заң шеңберінде салалық заңнамалар өзара үйлестіріліп, азаматтарды әскери қызметке даярлаудың нысандары нақтыланып, кеңейтілді.
Аталған өзгерістер толық түрде шынайы іске асқан жағдайда, орта білім беру ұйымдарының барлығын, оның ішінде мамандырылған әскери мектептерді , оған қоса әскери-патриоттық бірлестіктерді қамтып, олардың дайындық шараларына, есепке алу жүйесіне, қол жеткізген табыстарын бағалауға және бірыңғай талаптарды нәтижелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Алайда, құқықтық түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі, сондай-ақ жекелеген уәкілетті органдар тарапынан орындаушылық тәртіптің төмендігі, аталған заң нормаларының бытыраңқы берекетсіздігіне, баяу іске асуына әкеліп, олардың өмірлік мәні бар нәтижесіне кері әсерін тигізуде.
Әскерге дейінгі дайындықты дамыту – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың және балғын жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі екенін Тәуелсіздік алған жылдарымызда әбден таныдық", – дейді ол.


Осыған орай, депутаттың сөзінше қысқа мерзімде ойы мен бойы, жаны мен қаны шыңдалған, отан сүйгіш жастарды дайындаймыз десек қазірден бастап барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен ауқымды ұйымдастырушылық, әдістемелік және басқарушылық жұмыстарды жүргізу ауадай қажет.

"«Бірлік бар жерде – тірлік бар» қағидатын басшылыққа ала отырып, халық арасында білім беру ұйымдары мен жастар бірлестіктері арасында әскерге дейінгі дайындықтың жаңа талаптарын, оның маңызы мен болашағы жөнінде мақсатты әрі жүйелі құқықтық-түсіндіру жұмыстарын сапалы, нәтижелі түрде жүргізу қажет", – деді депутат өз сөзінде.