Жезқазғанда бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оның ішінде облыстағы бірінші биоэлектростанция ашу жоспары бар. Аймақты дамыту бойынша алға қойылған жоспарлар туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылы біз жалпы инвестиция көлемі 18,1 млрд теңгені құрайтын және 350-ден астам жаңа жұмыс орнын құрумен 4 жаңа жобаны іске қосуға дайынбыз. Бұл қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеудің тәжірибелік зауытын салу, өнеркәсіптік реагентті шығару бойынша химия зауытын салу, құрылыс материалдарын өндіру бойынша зауыт салу және биоэлектростанция салу сияқты жобалар. Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 32 млрд теңгені құрайды», - дейді Қайрат Бегімов.
Қала басшысының айтуынша, биоэлектростанция құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорын қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратады және өңдейді.
«Биоэлектростанция Кеңгір ауылынан екі шақырым жерде 4,5 гектар алаңда орналасқан. Ол жасыл технология Мериолизис бірегей принципін жұмыста пайдаланады. Қайта өңделетін қалдықтар газға синтезделіп, одан әрі электр энергиясына айналады. Жезқазған өңірінде бұл - «Kaz Green Energy» ЖШС-мен бірлесіп іске асырылатын Словакиядан келген E-Zhasyl «GrupoANKA» компаниясының алғашқы жобасы. Оған салынатын инвестиция көлемі - 7-8 млрд теңге», - деп хабарлады Жезқазған қаласының әкімі.