18 там, 2023 сағат 13:08

Жезқазғанда мемлекеттік мекеменің экс-басшысы 288 млн теңгенің мүлкін ұрлаған

Фото: Pixabay

ҚМА Ұлытау облысы бойынша Департаменті Жезқазған қаласында орналасқан құбырдың 13 мың метрден астамын ұрлады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекеттік мекеменің бұрынғы басшысы бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, жалпы сомасы 288 млн теңгеден астам мемлекет мүлкін ұрлағаны анықталды.

Ұрлық фактісін анықтау кезінде лауазымды тұлға аталған нысанның мемлекеттік органның балансында жоқтығы туралы жалған анықтамалар беріп, тергеуді қасақана жаңылыстырған. Бұл құбыр Жезқазған қаласының әуежайы маңында орналасқан саяжай учаскелерін сумен қамтамасыз етуге арналған. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған азамат коммуналдық кәсіпорынның қызметкері емес" - делінген ведомство хабарламасында.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.