29 қар, 2022 сағат 19:22

Жезқазған ЖЭО-да тағы бір қазандық істен шықты


Бүгін Жезқазған жылу электр орталығында тағы бір қазандық істен шықты. Қазіргі уақытта облыс орталығының тұрғындарын жылумен тек үш қазандық қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жезқазған жылу электр орталығында соңғы екі тәулікте 2 қазандық істен шыққан. Олардың біріншісі - № 5 қазандық 27 қарашада жұмысын тоқтатты. Ал кеше түнде №6 қазандықта апат болды. Қазір қала тұрғындарын жылумен тек үш қазандық қамтамасыз етіп отыр.

Нормаға сай Жезқазғандағы үйлерде ауа температурасы 22 градусты құрауы тиіс. Апат салдарынан температура 9 градусқа төмендеп, қазір небәрі 13 градусты құрайды.

Тұрғындар тарапынан жылуға қатысты шағымдар осыған дейін де бірнеше рет түскен. Олар жылыту маусымы басталғаннан бері пәтерлері жылымағанын айтып отыр.

«Қазан айынан бастап үйіміз бір жылығанын сезбедік. Ал соңғы екі күнде жағдайымыз одан да бетер қиындады. Аяз күшейіп барады, ал құбырларымызда жылу жоқ. Мен мүгедек болып қалғалы үйде отыруға мәжбүрмін. Енді суық үйде оранып-қымтанып отырмын», - дейді Жезқазған тұрғыны Лариса Григорьева.

Жезқазғандықтар ЖЭО-дағы апат туралы кеше ғана, оның өзі БАҚ арқылы білген. Бірінші апаттан кейін бір күн өтпестен №6 қазандық істен шығып, ЖЭО басшылығы оның жұмысын да дереу тоқтатуға мәжбүр болған.

«Қазір 7,9,11 қазандықтар жұмыс істеп тұр. Әрине, бұл тұрғындарға сапалы жылу беруге жеткіліксіз екенін түсінеміз. Жылу талапқа сай берілмей тұр. Қолдан келгеннің бәрі жасалып жатыр. Жағдайды бақылауға алдық. Жоспар бойынша, күн батқанша 6-шы қазандықты іске қосамыз. Артынша, 5-ші қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталып қалар. Қазір жылу тасымалдағыш температура 77 градус, бұл нормадан шамамен 9 градусқа төмен», - деп түсіндірді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынов.

Жезқазған жылу электр орталығы «Қазақмыс энергиясы» ЖШС меншігінде. Жылу көзінің жабдықтары 70-ші жылдары орнатылған. Компания биыл жаңғырту жұмыстарына 4 млрд теңгеден астам қаржы салды. Айта кету керек, істен шыққан екі қазандық та биыл жөнделген. Алайда олар алғашқы сынақтарға төтеп бере алмады.

Көмір қорына келетін болсақ, бұл мәселеге қатысты да тұрғындардың көптеген сұрағы бар. Жергілікті билік хабарлағандай, қоймаларда 100 мың тоннадан астам көмір бар, олар тек 24 күнге жетеді екен.