Жаңа күн электр станциясы Жезқазған маңындағы Кеңгір ауылында салынып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінде 29 300 күн панельдерінің 5200-і орнатылған. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда, станцияның ашылуы 22 желтоқсанға белгіленген.
Оның қуаттылығы 10 Мвт тең. Құрылыс жұмыстарына 74 адам жұмылдырылған. Жұмыстар аяқталған соң станцияда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Болашақта күн электр станцияларының көбеюімен біздер тарифтер бағасын төмендете аламыз. Бұл өте қымбат технология, сондықтан электр энергиясының өзі арзан емес. Алайда күн электр станцияларының саны артса, бұл бағалардың төмендеуіне ықпал етеді», - деп түсіндірді аппараттық жиында энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.
Бүгінде облыстағы Саранда, Ақтоғай ауданының Гүлшат ауылында және Шет ауданының Ақадыр ауылында үш күн электр станциялары жұмыс жасайды. Олар өндіретін барлық электр қуаты тұтынушыларға еш әсерін тигізбеуде. Алайда, заманауи күн электр станцияларының көбеюімен бұл жағдай өзгеруі мүмкін.
Жаңа энергия көздерінің іске қосылуымен жыл басынан бері облыста 147,1 млн. кВт/сағат қуат өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 190 млн. кВт/сағатты құрайды.
Күн электр станцияларын ашу арқылы облысқа 94 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 58 жаңа жұмыс орындары құрылды.