25 қаң, 2019 сағат 11:41

Жетісу өңірінің су тасқынына дайындығы қандай?

Кез келген төтенше жағдайдың алдын алып, түрлі оқыс оқиғаға әр кез дайын болу керек. Бүгінде бұл жағдайға аймақ басшылары ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс әр елді мекенде қызу жүруі тиіс.

Осыған байланысты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ аудан, қала әкімдері және облыстық деңгейдегі басқарма басшылары мен тиісті сала мамандарының қатысуымен селекторлық жиын өткізді. Төтенше жағдай, азаматтық қорғаныс, селден қорғау мен ауа райын болжау орталығының қызметкерлері қатысқан басқосуда көктемгі су тасқынының алдын алу, дайындық шараларын күшейту және оның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, су қоймаларының бүгінгі жағдайын қадағалау және су жүретін арықтардың тазалануы секілді іс-шаралар барысы жан-жақты талқыланды. 

Лаззат Махатұлы алдымен осыған қатысты мәселелерге қысқаша шолу жасап, келесі сөзді салаға жауапты лауазымды тұлғаларға ұсынды. Мамандар осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыс жайын егжей-тегжейлі баяндады. Сала қызметкерлерінің айтуына қарағанда, көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар өз деңгейінде жүріп жатыр. Өңір халқын, аумағын және шаруашылық нысандарын су тасқынынан қорғау және апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында биыл облыстық бюджет есебінен 560 млн. теңгеден аса қаражат бөлініп, мыңға жуық техника, үш жарым мыңнан аса жұмыс күші жұмылдырылған. Қазір өңірде жетпістен аса су қоймасы, сексен бес бөгет бар. Соның сегізі бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеуден өткен. 

Жиында елді мекен көшелеріндегі су жүретін арықтарды тазалау, қар шығару, қауіпсіздіктің алдын алу іс-шараларын жүргізіп, осы бойынша елмен жұмыс істеу, техника дайындығы, әсіресе, өзен-суы бар өңірде орналасқан елді мекендерді ерекше бақылауға алу, бір сөзбен айтқанда, бұл кезеңнің еш кедергісіз өтуі тиіс екендігі пысықталды. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, облыс бойынша «ҚазСуШар» РМК филиалы, Алматы гидрометеорология орталығы МК филиалы және Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының әкімдері есеп берді.    

Лаззат Махатұлы күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты ой қорытып, көктемгі су тасқынына жауапты мекеме қызметкерлеріне кешенді жұмыс жоспарын құруды тапсырды. Табиғат тосын мінез танытқанда тосылып қалмай, осы бастан қамдану қажеттігін есекертті. Әсіресе, таулы аймақтарға тәулік бойы кезекшілік қою керек екенін назарға салды.  

Жиында, сондай-ақ, «7–20–25» бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Осыған байланысты сала қызметкерлері сөз сөйлеп, осы бағыт аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады. Онда белгілі болғандай, аталмыш бағдарлама бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды күшейту керек. Өйткені, аймақта бұл бағыттағы жұмыстар қазір баяу жүруде. Бірқатар ауданда құрылыс ауқымының төмендігі байқалады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан, қала әкімдеріне тапсырма жүктей отырып, аталмыш бағдарламаның талапқа сай орындалуы тиіс екенін және осы бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде орындап, еш кедергісіз жүруін қадағалайтын арнайы мамандар тағайындау қажеттігін, сондай-ақ, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыруға күш салып, түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу керектігін міндеттеді. 

Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатындағы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 32-қадамының орындалу барысы да осы басқосуда сараланды. Бұл туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қоблан Манапов хабарлама жасады. Биылғы құрылыс жұмыстарының көлемін жоспарлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, облыстық статистика департаментінің берген мәліметіне қарағанда облыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 276 млрд. 627,5 млн. теңгеге орындалған. Ал биыл инфляцияны есепке ала отырып, 300 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Айгүл Байбосынова