Фото: Halyq Uni
Жетісу облысында прокурорлар балабақша бухгалтері 38 миллион теңге ұрлық жасағанын анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жетісу облысының Ақсу ауданында балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 40 миллион теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген.
Жымқыру дерегі штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру кезінде анықталған. Онда тиісті жалақы мен нақты төленген қаражат арасындағы айырмашылық болған.
"Бұл дерек бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (аса ірі мөлшерде ұрлау).
Істі Жетісу облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тексеріп жатыр.
Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады" - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.