09 қыр, 2022 сағат 15:14

Жетісу облысы тауларындағы өрт аумағы екі есе ұлғайды

Фото: instagram.com/kris_p_tdk

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілі Алакөл ауданының таулы аймақтарындағы өрт туралы жаңа мәліметтер айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

ТЖД мәліметінше, 9 қыркүйекте таңертең өрттің жалпы ауданы 200 гектар болған. Бұл кешегі деректермен салыстырғанда, екі есе көп.

Сурет: instagram.com/kris_p_tdk

"2022 жылғы 9 қыркүйекте таңғы сағат 8-ден бастап Ми-8 тікұшағы өрт ошақтарын нақтылау үшін ұшып шыққан еді. Кейін су шашу жұмыстары қайта жанданды. Өрт сөндіру жергілікті жердің таулы болуына, секундына 20 метрге дейін соққан жел екпіні мен метеожағдайға байланысты күрделенді", - деді өңірлік ТЖД өкілі.

Өрт сөндіруге 173 адам, 1 тікұшақ, 16 техника, 70 аспалы бүріккіш және 6 жылқы жұмылдырылған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Еске салайық, 8 қыркүйекте Жетісу облысы Алакөл ауданындағы Достық станциясы маңында құрғақ шөп пен бұталар өртенген болатын.