коллаж: Tengrinews.kz
Жетісу облысының Полиция департаменті полицейлердің қара түсті Toyota Land Cruiser көлігіне азық-түлік тасып, салып жатқан видеосына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.
Кадр сыртындағы дауыс Үштөбеде "полиция басшылығы тергеушілерді жұмыс істеудің орнына азық-түлік тасымалдауға мәжбүрлейді" дейді. Видео 2022 жылдың 29 тамызында түсірілген.
"Тергеушілер сатып алды, орынбасар мәжбүрлейтін сияқты, штат. Бір тергеуші, екінші тергеуші. Тергеу бойынша орынбасар, қазір ол келеді, күтеміз. Мен күні бойы тергеуші орынбасарының көлікке келуін күтемін. Жағдай қалай болатынын көрсету үшін. Ол бастықтың орынбасары болғандықтан, тергеушілеріне мұндайды істете алады. Өзі тасымас үшін, қызметкерлерін мәжбүрлеу жақсы ғой, байлардың ісі", - дейді кадр сыртындағы дауыс.
Жетісу облысының Полиция департаменті видеоға қатысты былай деп пікір білдірді.
"Облыстың полиция қызметкерлері аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік, кеңсе тауарлары және түрлі оқу құралдарымен жан-жақты көмек көрсетіп тұрады. Көбіне "Мектепке жол", "Бумеранг добра" акциясы т.б. аясында азық-түлік себеттері тапсырылады. Үштөбе қаласында түсірілген видеоға келсек, азық-түлік пакеттері кейін мұқтаж отбасыларға тарату үшін сатып алынған. Қаратал ауданының полиция қызметкерлері (тамыздан қыркүйектің аяғына дейін) 4 отбасыға, оның ішінде асырауында бірнеше баласы бар жалғызбасты аналарға осындай материалдық көмек көрсетті", - деді Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.