Алматы облысы бокс федерациясының жаңа президенті сайланды. Кезекті басшыны сайлау рәсімі Алматы қаласындағы облыс әкімдігі өкілдігінің мәжіліс залында өтті. Осыған орай, аймақтың бокс федерациясын 2009 жылдан бері басқарып келген Бауыржан Оспанов өз еркімен қызметінен кетті.
Жиында алдымен Бауыржан Оспановтың осы аралықта атқарған еңбегі сараланды. Шараны жүргізіп отырған Қазақстан бокс федерациясының бас заңгері Арсен Төлеуов Бауыржан Кеңесбекұлының еңбегіне тоқтала отырып, оның спорттың күрделі де машаһатты саласын дамытуға қосқан үлкен үлесін атап өтті. Әрі осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде облыс құрамасы еліміздің үздік үштік командасына кіргендігін жеткізді.
Осы ретте, Бауыржан Оспанов баяндама жасап, өзі жетекшілік еткен кезеңде аталған саланы өркендету жолында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Ол әуелі спорттың қандай түрі болса да тек құлшыныспен, ниетпен ғана дами қоймайтынын, ол үшін әуелі саланың материалдық-техникалық жарақтануын қамтамасыз етудің маңыздылығын тілге тиек етті. – Маған дейін өлкенің бокс саласына жылына 30 млн. теңге бөлініп келген болса, бүгіндері бұл көрсеткіш 150 млн. теңгеге дейін өсті. Бұл оқу-жаттығу жиындарын бұрынғыдай бір рет қана емес, жылына үш-төрт мәрте өткізуге мүмкіндік берді. Осы уақыт аралығында облысымыздың аудан орталықтары мен ауылдарында ондаған спорт орталықтары ашылып, материалдық базасы жақсартылды. Еңбекшіқазақ ауданының Бәйтерек ауылында ұлттық құраманы жаттықтыратын олимпиада резерві базасы салынып, өлкемізде жыл сайын республикалық және халықаралық жарыстар өткізілді.Соңғы он жылда жаттықтырушылар мен төрешілер құрамы кеңейіп, олардың біліктілігі артты. Қазақ боксының дамуына облысымыздан шыққан Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы сынды спортшыларымыздың жеткен жетістіктері үлкен ықпал етті. Қосымша қаржылық қолдаудың нәтижесінде 2015 жылы Алакөл ауданының Лепсі ауылында дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ашылды. Бүгінде мұнда 13 жасқа толған 150 жеткіншек білім алып, шеберліктерін шыңдауда. Спорт мектебінде оқитын балалардың барлығы стипендиямен қамтамасыз етіліп, республикалық және халықаралық жарыстарға тегін қатысуға мүмкіндік алды, – деді ол.
Бауыржан Оспанов бұдан әрі федерацияның мақсатты жұмысының нәтижесінде халықаралық байланыс нығая түскенін айта отырып, Талдықорғанда өтетін жаттығу жиындары мен бокстан өткізіліп тұратын жыл сайынғы «Жетісу» турниріне Куба, Ресей, Белоруссия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен спортшылардың тұрақты түрде қатысып отырғанын жеткізді.
– Осы барыста «Жетісу» турнирі облыстық жарыстан халықаралық деңгейге көтеріліп, жарыс жеңімпаздарына «Спорт шебері» атағы берілетін деңгейге дейін өсті. Облыстық бокс федерациясының жұмысын дамыту үшін осы жылдар аралығында 1,5 млрд. теңге қаржы қосымша жұмсалғаны да көп жайды аңғартса керек, – деді федерацияның бұрынғы басшысы.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары, мәдениет пен спорт саласына жетекшілік ететін Жақсылық Омар сөз алып, федерация басшылығына үміткер есебіндегі жоспарымен таныстырды. Былғары қолғап мамандары мен жаттықтырушылар тарапынан қолдау тауып, федерация төрағасы болып сайланса сенімдерін ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Жиынға қатысушылар Бауыржан Оспановтың өтінішін қабыл алып, Жақсылық Омарды бірауыздан облыстық бокс федерациясының президенті лауазымына сайлады.
Жарыссөзге шыққан ардагер-жаттықтырушы Тұрарбек Омаров пен облыстық бокс федерациясы президентінің орынбасары Тұрсынғали Еділов Бауыржан Кеңесбекұлына өлкеміз ғана емес, Қазақстандағы бокс спортын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыстарын жеткізіп, жаңадан сайланған Жақсылық Мұқашұлының жұмысына жеміс тіледі.
Қозыбай ҚҰРМАН,
Алматы облысы