Түркістан облысы Жетісай қаласындағы өгей шеше қорлаған қыздар оқиғасына қатысты тың мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу басқармасы істі өз өндірісіне алды.
«Қазіргі кезде, күдікті әйел ҚР ҚК-нің екі бабымен жауапқа тартылып жатыр. Атап айтқанда, ҚР ҚК 110-бабы «Азаптау» және 140-бабы «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау» баптары бойынша іс қозғалған. Қыздардың әкесі - деструктивті діни ағымның ұстанушысы. Бұл қылмыстық іс ҚР ІІМ-нің және облыс прокурорының бақылауында» делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, кеше Жетісай қаласында өгей шеше қыздарына ине тығып, тоңазытқышқа отырғызып азаптағаны белгілі болған еді. Қылмыстық іс қозғалып, әйел қамауға алынды. Айта кетейік, қыздардың денесінен соққы ізін көрген мұғалімдер полицияға хабар берген. Бүгін білім және ғылым министрлігі оқиғаны дер кезінде анықтап, алдын алмаған мектеп директоры мен сынып жетекшілері, аудан басшылығы тәртіптік жазаға тартылатынын мәлімдеді.