17 сәу, 2019 сағат 10:53

Жетісайда қыздарына қорлық көрсетіп келген өгей шешеге қатысты тергеу шаралары басталды

Түркістан облысы, Жетісай ауданында қыздарына қорлық көрсетіп келген өгей шешеге қатысты тергеу шаралары басталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті ресми мәлімет таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Құзырлы органдар Жетісай ауданында болған және әлеуметтік желі арқылы тараған өгей ананың қатыгездікпен балаларын ұрып-соғып, дене жарақаттарын салу әрекетін анықтады. Бұл жайт Жетісай аудандық полиция басқармасында тіркелді. ҚР ҚК 140-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктіге шектеу шарасы қолданылады. Комиссия шешімімен балалар әжесіне тапсырылған. Бұл жайт Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және облыс прокурорының бақылауында», - делінген хабарламада. 

Еске салайық, өңірдегі әлеуметтік желі белсендісі Әсет Әссанди өзінің фейсбуктегі парақшасында Жетісай ауданында тұратын өгей шешенің қыздарына қорлық көрсеткені туралы жазба таратқан болатын.

Онда келіншектің үш жеткішек қызға ине тығып, тоңазытқышқа отырғызып қойғаны және қайшымен денелеріне жарақат салғаны айтылады.

Осыған дейін Ішкі істер министрлігі бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғағандығын хабарлаған еді.