Түркістан облысы әкімдігінің апталық аппарат отырысында
Жетісай және Мақтаарал аудандарының өзекті мәселелері талқыланды, деп
хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне
сілтеме жасап.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған аудандардағы жобаларды
жүзеге асыру, инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары назарда тұрғанын мәлімдеді.
«Ағын су мәселесі өте өзекті. Әсіресе шаруаларға су қажет
болатын қазіргі кезеңде босаңсымаған жөн. Екіншіден, су нысандары уақтылы әрі
сапалы тапсырылуға тиіс. Аудан басшылары жұмысын дұрыс атқармаған мердігерлер
бойынша заң шеңберінде әрекет етсін», – деді Ө.Шөкеев.
Жетісай
ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, ауданның елді мекендерін сапалы
табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жетісай» АГТС салу» және «Кирово» АГТС
салу» жобалары бойынша республикалық бюджеттен тиісті қаржылары бөлініп,
жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстың 85% аяқталған. Нысан 2023 жылға өтпелі.
Қосымша қаржылар бөлінген жағдайда нысандардың құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауға
мүмкіншілік бар. Бүгінгі таңда аудандағы елді мекендердің 52,8%-ы табиғи газ
жүйесімен қамтылған.
Жиында
газ станцияларына қосымша қаржы бөлу. Тік дренаждар мен каналдарды жөндеу,
мектептерді күрделі жөндеуден өткізу және өзге де аса өзекті мәселелер
талқыланды.
Мақтаарал ауданы бойынша да елдің өмір сапасын жақсарту бағытындағы түйткілдер тарқатылды. Аудан әкімі Бақыт Асановтың мәлімдеуінше, аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл – аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1% құрайды. Газдандырылмаған 32 елді мекендерді қамту мақсатында Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі елді мекендеріне дейінгі жеткізуші газ құбырының, АГТС «Мақтаарал» және Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елді мекеннің газ нысанының (1720 отбасы, 10658 тұрғын) құрылыстары жүргізілуде. Нысан құрылыстары 2023 жылға өтпелі. Аталған құрылыстарды биыл аяқтау үшін қосымша қаржы қажет екені айтылды. Сонымен бірге 11 елді мекеннің ауыз су жүйесін жаңарту, тік дренаждар мен қашыртқыларды реттеу, жөндеу мәселелері де сараланып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.