16 нау, 2022 сағат 23:35

Жетісай мен Мақтаралда соңғы 30 жылда мұндай көлемде жауын жаумаған - ТЖД


Түркістан облысында толассыз жауған жаңбырмен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысына қарасты Мақтаарал және Жетісай аудандарында толассыз жауған жауын-шашын әсерінен көшелерді, аула аумақтарын су басқан болатын. 

Қазіргі таңда тұрғын үйлердің су басуына жол бермеу мақсатында ТЖД қызметкерлерінің көмегімен жаңбыр суын сору жұмыстары жалғасын тапты.



Бұл туралы Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев айтып өтті. 

«Соңғы 30 жылдан бері аталған аудандарға мұндай көлемде жауын жаумаған. Аудан халқы егін шаруашылығымен айналысатын болғандықтан егістік алқаптарын сордан шаю жұмыстарын атқару мен жерасты сулары мөлшерінің көтерілуі де жауын суының жерге сіңіп кетуіне кедергі келтіруде. Жауын-шашын 20-наурызға дейін толассыз жаууы ықтимал. Табиғаттың тосын мінез танытуынан құлаған тұрғын үй дерегі тіркелмеді», - деді Ерік Темірханұлы.


Жедел әрекет ету жұмыстарына төтенше жағдай департаментінің 124 маманы жұмылдырылған. 

Қазіргі таңда 24 техника мен 55 мотопомпа көмегімен 169 аула аумағынан 19635 текше метр су сорылған. 

Айта кетейік, осыдан екі-үш күн бұрын толассыз жауған жаңбыр Түркістан облысындағы Жетісай мен Мақтарал аудандарының тұрғындарын әбігерге салған болатын.