Фото: Азаттық
Қанды қаңтар оқиғасы кезінде әкесінен айырылған төрт бала, енді анасыз қалды. Марқұм Сая Есенгелді жол апатынан қаза тапты. Тұл жетім қалған балалардың тағдыры не болмақ, қандай көмек көрсетіліп жатыр? Толығырақ Ult.kz хабарлайды.Дәлірек айтсақ, жол апаты 4 ақпан күні болған. Күйеуі дүниеден өткеннен кейін Сая күндіз жеткізуші болып жеткізу бөлімінде жұмыс істеп, түнде «таксист» болып көлік жүргізген. Марқұмның артында анасы, Диана есімді сіңлі мен төрт баласы қалды. Әзірге төрт баланың тағдыры қалай болатыны белгісіз. Себебі марқұмның сіңлі оларды қамқорлығына бере ме, жоқ па, уақыт еншісінде... Десе де, бұл балаларды өзінің қамқорлығына алу үшін Диананың баспанасы болуы тиіс. Алайда оның баспанасы жоқ, оны сатып алатын мүмкіндігі де жоқ. Оған көмек ретінде арнайы есепшот та ашылды. Бұл туралы қоғамдық белсенді Айжан Хамит жазды. Ол жанашыр жандардың Диана Есенгелдіден басқаға ақша жібермеуін ескертті.
Пәтер және әр балаға 100 мың теңге
Төрт баланың тағдыры ешкімді бейжай қалдырмады. Көмек қолын созған жандардың ішінде Qazaq Stroy-дің иесі Нұрлан Артықбаев бар. Ол аумағы – 95 кв. м, 3 бөлмелі пәтерді марқұмның жанұясына сыйға тартты. Сонымен қатар, Нұрлан Артықбаев кәмелет жасына толғанға дейін ай сайын әр балаға 100 мың теңгеден төлеп тұруды ұйғарды. Оның айтуынша, бұл жай ғана материалдық көмек емес, олардың ешкімге керексіз боп қалмағанның белгісі деп санайды.
«Бұл оқиғаны естігенде, бейжай қарап отыра алмайтынымызды түсіндім. Оларға біз әке-шешесін қайтарып бере алмаймыз, бірақ болашағының жарқын болуына атсалыса аламыз ғой. Біз – қазақпыз, біздің күшіміз ауызбіршілікте, осындай қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдай білуімізде. Осы шаңырақ балаларға берекесімен келсін, ал біздің көмек оларға өмірде жақсы адамдардың барына сенсін», – дейді Нұрлан Артықбаев.
Сөйтіп, үйдің кілті мен сертификаты бірден табысталды.
Әкімдік пәтер бермеу үшін қоқаң-лоққы көрсеткені рас па?
Естеріңізге салсақ, марқұм Саяның күйеуі Еркебұлан Сыдықбаев 32 жасында, 2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмады. Ол дәл сол күні анасын жұмыстан алып қайтпақ болады. Алматының бір басынан екінші басына бара жатқанында оған қаңғыған оқ тиген. Өлім мен өмірдің ортасында арпалысқанымен дәрігерлер Еркебұланды аман алып қала алмай, ауруханада көз жұмады. Бұл туралы журналист Аян Қалмұрат өз парақшасында жазады.
«Бүгін өте ауыр хабар естідім. Мына суреттегі Еркебұлан — Қаңтардың кездейсоқ құрбаны. Мамасын дүрбелең күні жұмыстан күтіп алуға шыққанда оққа ұшқан. Көлік жөндеп, такси айдап жүрген қарапайым жігіт еді. Артынан үш бала қалған. Келіншегі Саяның аяғы ауыр еді. Бірер айда босанды. Сая «қызымның атын күйеуім қалағандай «Ерке» деп қойдым деген. Кейін Саяның төрт баланы қалай жалғыз жеткізіп жүргенін сырттай естуші едім. Түрлі жұмыс істеп, пәтер жалдап, тіршілік үшін күресіп… Ал кеше Сая жол апатынан көз жұмды деген хабар жетті. Не деген әділетсіздік бұл?! Ішім күйіп барады», –деп еске алды ол.
Ол уақытта – Марқұм Сая төртінші балаға екіқабат кезі екен. Жергілікті әкімшілік әуелде оларға үй беруге уәде береді. Үш жыл соттасып жүріп, әрең дегенде әкімдік жалға ақы төлейтін болады. Сол уақытта олар Саялыда бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрған. Әлі де болса, оқиғаның ақ-қарасы белгісіз. Алайда Айжан Хамиттің айтуынша, Саяны «Сіздерге үй береміз» деп әкімдікке Дәурен Дайырбаев деген біреу шақырып алған. Кейін оны кабинетіне кіргізіп алған соң қорқытып, күшпен соттан бас тартқызған. Осыдан кейін ол әкімдікке жоламаған. Содан күн көріс үшін «таксовать» еткен деседі.
Журналист Гүлмира Әбіқай марқұм Саяның жаназасында алматы әкімдігі үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстағанын айтты.
«Бүгін Алматы жұрты 4 баланың анасы Сая Бауыржанқызын соңғы сапарға шығарып салды. Кешеден бері марқұмның нағашы әпкесімен байланысып, жағдайды біліп отырғандықтан жұмысқа зауқым соқпады. Қазалы әулетке көңіл айтуға келдім. Улап-шулап жылаған жұрт қарасы көп. Көбісін қанды қаңтар біріктірген. Әрқайсы сол қаңтарда асыраушысынан, жарынан, ұлынан айырылған жарым жандар. Қаңтарда күйеуіне оқ тиіп өлді, өзі көлік апатынан қайтыс болған Сая мен Еркебұланның 4 баласы тұлдыр жетім қалды. Балаларға қаза жайлы бүгін естіртті, 9 жасар бала не түсінсін “Мамамды алып кете ме?” деп бұртиды да қойды. Кішкентайлары ойын баласы. Құлынымдап аңырап ана, күңіреніп дала қалды. Қош бол, Сая! Денесін күйеуі Еркебұланның жанына жерледі.
Ең өкініштісі, қазалы жиын барысында Алматы әкімдігінен келген адам ата-анасыз қалған балаларға 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Жүрегім-ай, – деп жазды Гүлмира Әбіқай.