23 сәу, 2020 сағат 15:50

Жергілікті жолдарды жөндеуге 259 млрд теңге жұмсалады

2020 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 259 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автомобиль жолдары саласының алдында тұрған басым міндеттердің бірі – қазақстандықтардың өз үйіне сапалы жолмен жетуін қамтамасыз ету. Жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 70,9 мың шақырымды құрайды. 2020 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 259 млрд теңге қарастырылған. Оның 4,1 млрд теңгесі облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, 52,9 млрд теңгесі республикалық маңызы бар қалалардың көшелерін жөндеу, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жер телімдерін сатып алу мақсаттарына жұмсалмақ», - деді Сайранбек Бармақов. 

Оның атап өтуінше, жыл соңына дейін автомобиль жолдарының 4 мың шақырымын жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланған. Бұл ретте ел өңірлерінде 350 жоба іске асырылып, жөндеу жұмыстарына 30,5 мың адам жұмылдырылады. Сондай-ақ, жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 75 пайызға жеткізіледі. 

«Жөндеу жұмыстары осындай қарқынмен жүргізілсе, 2025 жылға қарай жергілікті автомобиль жолдары желісінің 27 мыңнан астам шақырымы жөнделетін болады. Бұл өз кезегінде жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді комитет төрағасы.