«Шеврон» компаниясы жергілікті қамту үлесін дамытуға 248,5 млн доллар инвестиция бөлмекші. Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылды. «Шеврон» компаниясы жергілікті қамту үлесін дамытуға 248,5 млн доллар инвестиция бөледі. Бұл компанияның Қазақстан алдындағы қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде жүзеге асады.
Инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау салаларына бөлінеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Оның айтуныша, бүгінде Қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Энергетика министрі отандық тауар өндірушілер Қазақстан нарығын қандай өнімдермен толық қамтып отырғанын да атады.Олар:
- сэндвич панельдері, металл конструкциялары, темірбетон және арматура сияқты құрылыс-монтаж материалдары;
- құбыр материалдары;
- ыдыстар мен жылу алмастырғыш сияқты механикалық жабдықтар;
- трансформатор, электр қалқандары, сияқты электр материалдары;
- кабель, бейнебақылау жүйесі сияқты телекоммуникация материалдары;
- жанар-жағармай материалдары.
Мұны Мағзұм Мырзағалиев «отандық тауар өндірісі дамуының оң қарқыны» деп бағалайтынын жеткізді.