15 нау, 2022 сағат 15:06

Жергілікті бюджеттерге түсімдер артты - Әлібек Қуантыров


Мақсатты ағымдағы трансферттердің негізгі көлемі әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке бірілді. Осы кезеңде экономикалық белсенділік төмендегеніне қарамастан, жергілікті бюджеттерге түсімдер 25 пайызға артты. Бұл өз кезегінде әкімдердің жергілікті бизнестің дамуына, инвестициялардың артуы мен салық базасының кеңейтілуіне мүдделі екенін білдіреді», - деді Ә. Қуантыров бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тақырыбындағы Үкімет сағатында. 

Оның пайымынша, бұл факті жергілікті атқарушы органдардың шағын және орта бизнестің дамуы мен олардың «көлеңкелі» айналымнан шығуына қызығушылық танытуына байланысты. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлібек Қуантыров мақсатты ағымдағы трансферттердің негізгі көлемі әлеуметтік салаға тиесілі екенін айтты. 

Соңғы үш жылда жергілікті атқарушы органдардың болжамға қарағанда жеке кірістер бойынша асыра орындау көлемі 117 пайызды құрап, олардың даму бюджеті 106 пайызға өсті. Орталыққа тәуелділік 2019 жылдағы 59 пайыздан 2021 жылы 56 пайызға дейін қысқарды.