02 қаз, 2018 сағат 10:15

Жергілікті билік азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуі тиіс - Сағынтаев

Жергілікті атқарушы органдар азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеуі тиіс. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасының өсу проблемасы халық үшін өте маңызды мәселе. Сол себепті азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеуге ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жауапты екенін естеріңізге саламын. Оны өздеріңіз де баяндамаларыңызда айтып отырсыздар», - деді Үкімет басшысы.

Осы ретте Премьер-Министр облыс басшыларына бағаны реттеу үшін өңірлік тұрақтандыру қорларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, тауарларды уақытында сатып алу, жаңарту және негізгі азық-түлік түрлерін түгендеуді дер уақытында жүргізуді тапсырды.

«Осы жұмыстардың барлығы сіздердің тұрақты бақылауларыңызда болуы қажет. Мониторингті күшейтуді қолға алуларыңызды сұраймын», - деді Бақытжан Сағынтаев облыс басшыларына.