Ақтау қаласында «Қолдау-Қазақстан» үкіметтік емес ұйымы тұрғындар назарын қоршаған ортаны қорғауға арналған кезекті шара өткізді. Бұл жолы Каспий теңізінің жағалауында «Үстірт – әлемдік мұра» атты көрме ұйымдастырылды.
Маңғыстау өңірі жақын арада әлемдік туризм үшін танымал орынға айналады, ал Қазақстанның Батыс өңіріндегі жалғыз қорық – «Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра нысандарының тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастырылып жатқанда, маңызды тіршілік ортасының тамаша пейзаждарына мәңгілік жоғалу қаупі төнді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Үстірт қорығымен шекаралас аумақтағы Қансу газ кен орнын өңдеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл бастамаға қарсы шыққандар да табылды. Газ кен орны ашылғаннан кейін, болашақ ұрпақ экотуризмнің игілігін пайдалану мүмкіндігінен мүлдем айырылады. Табиғатты қорғауға азаматтар петицияға қол қою арқылы қолдау көрсете алатыны ескеріліп, табиғат жанашырлары түрлі шаралар ұйымдастыруға бел буған.
«Бұл жай ғана ұран емес, осындай кешенді шаралар арқылы тұрғындар назарын осы мәселеге аударуды мақсат еттік. Үстірт қорығының таңғажайып табиғаты – аймақтың болашақ өркендеуі мен қазынасы. Ауа райы суытып тұрғанымен, «Үстірт – әлемдік мұра» атты көрмесіне келген шаһар тұрғындары мен қонақтары, бұл бастаманы қолдайтындарын айтты. Олар Үстірт қорығын ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне кіргенін қалайды. Әзірге Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарынан, біз 50 шақты колтаңба жинадық», - дейді «Қолдау-Қазақстан» көпсалалы коммерциялық емес холдингінің «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталық басшысы Әділбек Қозыбақов.
Табиғат сақшыларының айтуынша, қоғам алдында болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғау міндеті тұр және оған барлығы бірдей бір кісідей атсалысуы керек. Мұндай зерттеулер жүргізілмес бұрын, жұртшылықпен санасу қажет. Яғни, қоғамдық тыңдаулар өткізу арқылы, алдымен халықтың пікірін біліп алған дұрыс. «Қансу» газ кен орнының даму әлеуетінің салдары экожүйе үшін апатты екендігін «Үстірт қорығы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жасқайрат Нұрмұхамбетов алға тартып отыр.
«Ірі апаттардың кесірінен, жоқ дегенде қорықтың оңтүстік бөлігіндегі Қызыл кітапқа енгізілген арқар, қарақұйрық, ителгі, бүркіт, құзғын, үкі, сұлу-дуадақтардың тіршілік ортасы бұзылады. Ерекше алаңдатушылық тудырып отырған жайт, Үстірт жонының маңындағы барлық жерді көмірсутек өңдеу үшін мемлекеттік және жеке меншік компаниялардың алдын-ала «брондап қоюы» болып тұр», - дейді ол.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының айтуына қарағанда, «Қансу» газ кен орны халықты 300 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеді, сол себепті бұл жобаны жүзеге асыру өте маңызды. Тек бұл ұсынысқа экологтардың көзқарастары басқаша болып шықты.
«Жасыратыны жоқ, көптеген жұмыс орындарын шетелдік жұмыскерлер алады, ең жақсы дегенде, жергілікті халық үшін аздаған ғана орын беріледі», - дейді «ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осин.
«Үстірт қорығы» болашақ ұрпақтың байлығы, алдымен табиғи мұра мен туризмге негізделген Маңғыстаудың ұзақ мерзімді экономикалық стратегиясын дамытып алған жөн. Қазіргі таңда өндіріс әрекетінің кесірінен көптеген аудандар ластанып жатқанда, Үстірттің таза даласы жануарлар өсіруге қолайлы орта және оны ластауға жол берілмеуі керек дейді, экологтар мен биологтар.
Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, бұл мәселенің ымыралы шешімі бар. Қансу кен орнынан басқа (жобалап 25-125 млн. текше метр газ), Үстірт қорығынан біраз қашықтықта орналасқан, қорыққа және аймақтың табиғатына айтарлықтай орасан зиян келтірмейтін Ақсу-Кендірлі, Пионерское және Самтыр газ кен орындары (сәйкесінше 420, 290 және 610 млн. текше метр газ) бар. Осы газ кен орындарын игеруге болар еді деген ұсысыс жолданған. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, табиғатқа келіп-кетер зиян айтарлықтай көп болмасы айдан анық.
Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қансу газ кен орнында барлық экологиялық талаптардың сақталатынын алға тартып отыр. Алайда бұған сенетіндер жоқтың қасы, яғни экологиялық талаптар толыққанды орындалуы екі талай. Олай деуге себеп жоқ емес.
Мәселен, жуырда ғана «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (ҚБСА) Маңғыстау облысындағы филиалы «Қолдау-Қазақстан» көп салалы коммерциялық емес холдингімен бірлесіп, облыстық экология департаментінің алаңында биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Оған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Бузачи Оперейтинг» КФ, «Маерск Ойл Қазақстан» КФ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «БК «Арман» ЖШС, «Теңіз-Сервис» ЖШС, «Каспий Меруерт Оперейтинг Компани» сияқты бірінші санаттағы ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Басқосуда шикізат өндіруші компаниялар, табиғатты қорғау іс-шаралар жоспары бойынша орындалуға міндетті болып табылатын флора мен фаунаны қорғау және экологиялық ағарту мен насихаттау жөніндегі мәселелері талқыланды. Ал Маңғыстаудағы ең ірі саналатын компаниялардың экологтары табиғатты қорғау іс-шаралар жоспарының «Флора мен фаунаны қорғау», сонымен қатар «Экологиялық ағарту және насихаттау» тармақтары мұнай саласындағы дағдарысқа байланысты немқұрайлы орындалатынын мойындаған.
«Мысалы, «Флора мен фаунаны қорғау» тармағына келсек, мекеме белгілі бір мөлшердегі қаражатқа жас көшеттер сатып алып, вахталық ауыл аумағында оларды отырғызып, суару мен күтілуіне және қаражат қарастырғанын көрсетеді. Алайда, бұның сол компанияға кері әсерін тигізіп жатқан жабайы флора мен фаунаның қорғауына ешқандай қатысы жоқ», - дейді ҚБСА Маңғыстау облысындағы филиалының төрағасы Әділбек Қозыбақов.
Осы жиында сөз алған кейбір кәсіпорын өкілдері, соңғы жылдары табиғатты қорғау іс-шараларына бөлінетін бюджеттің қатты қысқарғанын ашық айтып отыр. Экологиялық тренингтер мен семинарларға қатысу түгіл, тіпті экологиялық газеттер мен журналдарға жазылу мүмкін емес болып шықты.
Кездесу соңында Әділбек Қозыбақов мұнай компанияларының экологтарын өз басшылықтарынан табиғатты қорғау іс-шаралар жоспарын барынша қаржыландыруына қол жеткізуге шақырды.
Осыдан-ақ түсінуге болады, Үстірт қорығы аумағында жүзеге асырылмақшы жаңа газ кенорнында барлық экологиялық талатптардың сақталуы күмән туғызады.
Сол себепті, Үстірттің қайталанбас сұлулығы мен таң қалдырарлық пейзаждары, шыңдары мен каньондарының табиғи ландшафтын сақтап қалу мақсатында құрылғанын ұмытпағанымыз абзал. Оның үстіне, бұл аумақ – Қызыл кітапқа енген жануарлардың мекені, атап айтқанда – үстірт тау қойы, қарақұйрық, ителгі, бүркіт, құзғын, үкі мен сұлу-дуадақтар және т. б.
Қорық – Маңғыстау облысы ғана емес, бүкіл Батыс Қазақстан бойынша ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұрасы мәртебесіне лайық бірден-бір үміткер, сонымен қатар республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ең жоғары санатына жатады. Сол себепті, бұл аумақты жойып алмау өз қолымызда екенін естен шығармайық!
Дайындаған:
Нұрбол Оқуов
ҚР журналистер Одағының мүшесі
Ақтау қаласы
Ұлт порталы