21 сәу, 2022 сағат 14:30

БҚО-дағы жарық мәселесін шешу үшін 3 млрд теңгеге жуық қаражат қажет


Сенатор Ләззат Рысбекова еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысын жарықпен қамтудағы күрделі жағдай туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәселені шешу үшін 2020-2021 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, олар облыста игеріліп үлгермегендіктен, бұл қаржының бір бөлігі бюджетке қайтарылды. 

Ләззат Рысбекова жұмыстарды аяқтау үшін 1 млрд 738 миллион теңге қажет екенін айтып, бұл қаржыны жылу электр орталығының турбоагрегаттарын жөндеуге бөлуді сұрады. Әйтпесе, оралдықтар бірқатар қиындыққа тап болуы мүмкін. 

«Біріншіден, тағы бір турбоагрегат істен шығатын болса, Оралдағы ЖЭО-ға қарағанда электр энергиясын бағасы 1 киловатт үшін жоғары болатын басқа энергия өндіруші станциядан сатып алу қажеттігі туындайды, бұл өз кезегінде өңірдегі электр энергиясы тарифінің өсуіне алып келеді. Екіншіден, 2020-2021 жылдарға мердігерге аванс төленді. Жобаны одан әрі қаржыландыру тоқтатылған жағдайда аванстық төлемнің қайтарылмау қаупі бар. Үшіншіден, осы жоба аясында өндіруші зауыт турбоагрегат дайындауды іс жүзінде аяқтады. Оны Оралдағы ЖЭО-ға орнату кешіктірілген жағдайда, өндіруші зауыт жабдықты басқа сатып алушыға сатуға құқылы. Турбоагрегатты қайта дайындау 12 айға созылады», - деді депутат.