Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «АрселлорМиттал Теміртау» басшылығын экологияны жақсарту жөніндегі жоспардың орындалуын жеделдетуге шақырды. Кәсіпорынның шығарындылары қарқынын төмендету мәселесі Теміртауда өткен «жасыл кеңесте» талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ЭкоМұражай» мамандары жүргізген картографиялық зерттеулер «АрселлорМиттал» Теміртаудағы ластанудың басты көзі болып табылатынын растайды. Сарапшылардың қорытындылары жерсерігі арқылы жасалған түсірілімдерге, ауаны талдауға және есептеулерге негізделген. Металлургиялық комбинат орналасқан Шығыс өнеркәсіп аймағы ауданында экологтар ауадағы қара металлургияға тән, шығарындылардың көздерінде алынған үлгілермен сәйкес келетін заттарды анықтады.
Бұл жағдайды түзету үшін 2019 жылы Теміртауда экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жоспар әзірленді. Ол өндірісті жаңғыртуды, оның табиғи газға ішінара көшуін, сондай-ақ қаланы көгалдандыруды қамтиды. Кәсіпорын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, АМТ атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 2024 жылға дейін 30%-ға азайтуы тиіс.
«Біз АМТ-да экологияны жақсарту жөніндегі ниеттер бар екенін көріп отырмыз. Олар тиісті құжаттарға, меморандумға қол қойды. Біз аталмыш жобаның іске асырылуы қандай сатыда екенін білгіміз келеді. Жыл соңына дейін не болатынын, келесі жылы не күту керектігін білу қажет. Және біз зиянды шығарындылардың нақты қаншалықты азайғанын көргіміз келеді. Теміртаудың экологиялық жағдайы осы кәсіпорынның жұмысына байланысты», - деді Жеңіс Қасымбек.
Қазір «АрселлорМиттал» ЖЭО-БАҮС және ЖЭО-2 Қазандық жабдықтарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шығарындыларды 36 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар газ шығару жолын қайта құру және 500 мың ағаш отырғызу жоспарлануда.
«Біздің компания экология мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Біз барлық мүдделі тараптармен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасайтын боламыз. Қазір көптеген жобалар енгізу сатысында. Олардың іске асырылуымен экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарады. Бірақ бұған қол жеткізу үшін біз барлығымыз ортақ команда ретінде жұмыс істеуіміз керек және әрқайсысымыз өз жауапкершілігімізді түсінуіміз керек», - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наир.
Кездесу соңында өңір басшысы кәсіпорын басшылығын жұмыс қарқынын жеделдетуге және идеялармен алмасу үшін экологтармен ынтымақтасуға шақырды.