Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмаған 20 бала өз өмірін қимақшы болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, 70% жағдайда суицидтің себебі белгісіз болып қалады - жасөспірімдер өздеріне қол жұмсар алдында ешқандай жазба қалдырмайды, достары мен туысқандары да түрткі болардай себепті айта алмайды.
Сондай-ақ ол облыс бойынша мектептерде психологтар мен әлеуметтік педагогтар жұмыс істейтінін атап өтті. Олар алаңдаушылық деңгейін анықтауға, суицидтік ойлардың бар-жоғын түсіну үшін тест жүргізеді. Егер сауалнамалардың нәтижелері қауіп туындатса, балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелеседі. Облыстың 259 білім беру мекемесінде интернетте белсенділікті бақылаудың арнайы бағдарламасы орнатылған. Оның арқасында педагогтар әлеуетті зиянды контенті бар 760-тан астам сайтты анықтай алды. Қазір олардың барлығы бұғатталған.
Өңір әкімдігінен мәлім еткендей, кеңес барысында «Мир добра» қоғамдық бірлестігінің басшысы Татьяна Абрамова өз бақылауларымен бөлісті.
«Барлығы әрдайым отбасынан басталады. Көбіне осындай ауыр қадамға үйде махаббатты сезінбейтін балалар барады. Біз әрқашан ата-анамен сөйлесіп, «мен сені сүйемін» деп айту қаншалықты маңызды екенін еске саламыз. Тіпті, егер отбасында бәрі жақсы болса да, ата-ана бұл сөздерді айтпай-ақ бәрі жақсы деп есептесе де... Жасөспірім үшін олай болмауы мүмкін. Егер отбасында қандай да бір проблема болса, олар біздің сенім телефонына жиі хабарласады. «Анам мен әкем ұрысып, айғайласып жатыр. Не істесем болады, терезеден секіріп кетейін бе?», - деп сұрайды. Сонда баламен психолог сөйлесе бастайды, бұл әңгімелер жиі ұзаққа созылады», - дейді ол.
«Оқиғалар не себепті орын алып жатыр? Себептеріне талдау жасайсыздар ма? Осы балалар тәрбиеленіп отырған отбасылардың әлеуметтік портретін құрасыздар ма? Мүмкін, статистикалық сандардың ар жағында тұрған қандай да бір мәселелерді байқамай отырған шығармыз?», - деді Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің орынбасары Абзал Нүкенов мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың біліктілігін арттыру қажеттігін айтты. Ол дәрістер, тренингтер мен семинарлар курсын әзірлеуді ұсынды. Оның қорытындысы бойынша мамандар суицидтік бейімділіктері бар жасөспірімдерді тиімді бөле алады. Сондай-ақ, жиында аула клубтарын, спорт секцияларын және үйірмелерді танымал ету идеясы айтылды. Қазір Қарағандыда 39 аула клубы жұмыс істейді, үш Мәдениет үйінің жанында тегін үйірмелер ашылды, қалалық бюджет есебінен «аула футболының лигасы», «аула баскетболының лигасы» және «Біз шахматты таңдаймыз» бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл секцияларға негізінен қолайсыз отбасылардың балалары мен девиантты мінез-құлықты жасөспірімдер қатысады.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек айтылған идеяларды қолдады.
«Бұл салада түйіткілдер өте көп және олардың барлығы өте маңызды. Біз барлығымыз – ата-анамыз. Қайғы-қасірет біздің балаларымыздың басына төніп тұр – олардың барлығында өз проблемалары бар, біз оларды естуді үйренуіміз керек. Жасөспірімдік суицидтің алдын алу бойынша кең көлемді құжатты әзірлеу және қабылдау, одан кейін оның шеңберінде әрекет ету қажет. Осы жылдың соңына дейін қажетті шаралар әзірлеп, алдын ала іс-қимыл жоспарын жасауды тапсырамын», - деді ол.