24 мам, 2022 сағат 09:21

Жеңілдетілген автонесиемен 34 азамат көлік алды

Фото:elements.envato.com

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша бір аптада 34 адам көлік алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі astanatv.kz сайтына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, бір аптада 14 мыңнан астам өтініш түсіп, соның 5 мыңға жуығын банк мақұлдаған. Қазір автосалондарда 8 мың көлік бар. Маусым айының аяғында оның саны екі есе артады деп жоспарланып отыр. Автонесиелеу бағдарламасымен 5 брендтің көліктерін алуға болады. 32 модель бойынша таңдау жасауға мүмкіндік қарастырылған.

"Әлеуметтік тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да ыңғайлы нәрсе болса бәрі соны алғысы келеді. Сондықтан көпшілік 100 миллиард бөлінді, он миллионнан санасақ, он-ақ мың адам машина алады, қалғандары қалды деп ойлайды. Бұл арада револьверлік қағидат бар. Бұл ақша 30 жыл айналатын болады", - деді "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди.