4 пайыздық жеңілдетілген автонесиеде ешбір санатқа басымдық берілмейді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірінші кезекте автосалонда бар көлік бойынша өтінім берген адамдар пайыздық автонесие рәсімдей алады. Яғни, бірінші кезекте деп басымдық берілетін белгілі бір санат болмайды. Бәрі кезек негізінде реттеледі», - деді қордың өкілі.
Сондай-ақ, ол 4 пайыздық автонесие рәсімдеудің қысқаша жолын түсіндірді.
«Әуелі адам автомобильді таңдап алуы керек. Егер ол таңдаған көлік түрі автосалонда жоқ болса, күту керек болады. Автомобиль келген кезде тұтынушы автосалонға шақыртылады. Сол жерден өзі таңдаған көлікке төлем шотын алады. Ол шотта көліктің VIN-коды болуы керек. Осы төлем шотын қолына алып, банктен пайыздық несие рәсімдейді.
Банк өтінім мен төлем шотын тек VIN-код арқылы ғана алады. Бұрынғы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша төлем шотында VIN-кодтың болуы талап етілмейтін. Сонда жаңа бағдарлама бойынша несие салонда бар көліктерге ғана рәсімделеді деген сөз. Осыдан кейін несие туралы өтінімді мақұлдау процедурасы жүреді. Егер несие мақұлданса, кепілхат беріледі. Тұтынушы кепілхатты алып, автосалонға келеді. Осыдан кейін ғана көлікті оның атына рәсімдеу басталады», - деді Ринат Гаппаров.