12 сәу, 2022 сағат 15:42

Жеңілдетілген автонесие шарттары белгілі болды


Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру шарттары анықталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, "Жасыл Даму" АҚ қаражаты есебінен Қазақстанның азаматтарына жеңілдетілген автонесие беру және автобус паркін жаңарту бойынша бағдарлама әзірлеп жатыр.

Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы шамамен 100 миллиард теңгені құрайды. Ал Қазақстан өңірлеріндегі автобустар паркін жаңарту үшін 30 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Жеңіл автокөлікті сатып алуға несие беру төмендегі шарттар бойынша жүргізіледі:

  • сыйақы мөлшерлемесі: 4 пайыз;
  • несиелендіру сомасы: 10 миллион теңгеден артық емес;
  • қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан артық емес;
  • бастапқы жарна: 0 пайыздан бастап;
  • көлік құралының құны: 15 миллион теңгеден аспайды.

Несие беруді екінші деңгейдегі банктер жүзеге асырады. Бағдарлама 2022 жылғы сәуірдің аяғында іске қосылады.

"Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрліктермен міндетті шарт көзделген. Оған сәйкес ЕДБ-де қарыз алушыларға қаржыландыруды ұсынудың мәртебесі мен мерзімін қадағалаудың автоматтандырылған жүйесі болуы тиіс", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ қарыз алушыға екі жылдың ішінде бір реттен артық автонесие алуға тыйым салатын шектеу енгізілген.