19 сәу, 2022 сағат 14:57

Жеңілдетілген автонесие алудың кейбір шарттары өзгерді - Скляр


Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының кейбір шарттары өзгерді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада біз Үкіметтің жеңілдетілген несие беру туралы қаулысын қабылдадық. Апта соңына дейін «Бәйтерек» бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл жұмысты аяқтайды», - деді Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Премьердің орынбасары жеңілдетілген автонесие алу үшін қазақстандықтар қайда жүгінуі керек деген сұраққа жауап берді.

«Бәрі бұрынғыдай қалады. Дәл осы бағдарлама жай ғана ұзартылады және кейбір шарттары өзгерді. Мысалы, бастапқы жарнаны алып тастадық, сомасы ұлғайды», - деп түсіндірді Р. Скляр. 

Оның айтуынша, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына қызығушылық танытатындар көп, ал егжей-тегжейін «Бәйтерек» холдингінен анықтауға болады.

Сонымен бірге спикер елдегі автокөлік тапшылығы туралы сұраққа жауап берді.

«Бұл әлем елдерінде болып отырған жағдай. Көлікке қажетті чиптер жетіспеушілігі бар. Өндіріс азайып, автомобильдерге сұраныс артты. Біз бұл мәселеде жалғыз емеспіз. Бұл жағдай біздің елде ғана болған жоқ», - деді Роман Скляр. 

Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен Қазақстанның азаматтарына жеңілдетілген автонесие беру және автобус паркін жаңарту бойынша бағдарлама әзірледі. Қарыз алушыға 2 жылдың ішінде бір реттен артық автонесие алуға тыйым салатын шектеу бар. 

Алдын ала болжам бойынша, биыл жеңілдетілген автонесиемен 15-17 мың адам көлік сатып алады.