26 сәу, 2022 сағат 13:48

Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы осы айдың соңында іске қосылмайды

© Photo : CC0 / ArtisticOperations

Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы осы аптаның соңында іске қосылмайтын болды. "Жасыл даму" АҚ-дан бағдарламаны қаржыландыруға 100 миллиард теңге 10 мамырға дейін бөлінеді. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет кулуарында министрден жеңілдетілген автокредит бағдарламасына "Жасыл даму" операторынан қаржы қашан бөлінетінін сұрадық. Брекешевтің айтуынша, бағдарлама мамырдың онына қарай қаржыландырылады.

"Үкімет қаулысы шықты. Қазір "Жасыл дамудың" корпоративтік құжаттарын дайындап жатырмыз. Жақын арада, бұйыртса, мамырдың онына дейін бекітеміз. "Жасыл дамудан" ақша мамырдың онына дейін бөлінеді. Бағдарлама сол кезде іске қосылады", - деді Брекешев Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Яғни, бұған дейін айтылып келгендей, автокредит бағдарламасы сәуірдің соңына дейін іске қосылмайтын болып шықты. Бағдарламаның нақты қашан басталатынын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтан да сұрап көрдік.

"Біз өз тарапымыздан құжаттарды 15 сәуірде бекіттік. Бекітілген құжаттарды әріптес министрлікке бердік. Біздің құжат тіркелді. Ал енді олардың құжаттарын күтіп отырмыз. Мен өз тарапымнан жұмысымды жасадым. Енді ол министрлік (экология – Sputnik) өз бұйрығын бекітуі керек. Ол кісілер оныншы мамырда десе, онда оныншы мамырда бекітіледі", - деп жауап берді Өскенбаев.

Еске салсақ, бұған дейін үкімет жеңілдетілген автокредит бағдарламасы сәуір айының соңына дейін іске қосылады деп мәлімдеген еді. Индустрия және инфраұрылымдық даму министрлігі бағдарлама шарттарын бекітті. Енді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайтын "Жасыл даму" АҚ-дан бағдарламаны қаржыландыруға ақша бөлінуге тиіс.