19 қыр, 2019 сағат 12:10

Жемқорлық дауына қалған Зерендінің әкімі қызметінен кетті

Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы аудан әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Менің өз еркіммен берілген өтінішіме сәйкес аудан әкімі қызметінен кеттім. Сіздермен жұмыс істеп, ауданды дамытуға белгілі бір үлесімді қосқаным мен үшін үлкен ізет болды. Қызметімдегі басты мақсаттарының бірі етіп аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, туризмді, кәсіпкерлікті дамытуды белгілегенмін, әрқашан халыққа ашық болып, көтерілген күрделі мәселелерді жедел шешуге тырыстым», -деді Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов.

Еске салсақ, өткен аптада әлеуметтік желілерде және ақпарат агенттіктерінің сайттарында жергілікті кәсіпкерден пара алу кезінде Зеренді ауданының әкімі мен ТКШ бөлімі басшысының парамен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Жұртты дүр сілкіндірген ақпаратқа байланысты әкімдік аудан басшысының ұсталғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген еді. Ал, ТКШ бөлімі басшысына қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын растаған болатын.